Қарағандылық кәсіпкерлерге 5 миллион теңгеге дейін грант беріледі

487

Өңірдегі әлеуметтік кәсіпкерлер мен "Бір ауыл – бір өнім" бағдарламасының финалистері қайтарымсыз грантқа өтінім бере алады.  

Қарағандылық кәсіпкерлерге 5 миллион теңгеге дейін грант беріледі Фото: kamshy.kz

Өтінімдер 19-23 қазан аралығында қабылданады. Бұл туралы Қарағанды облысының кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасы хабарлады, деп жазады inbusiness.kz сайты.

5 миллион теңге кәсіпке қажетті құрал-жабдықтар мен материалдар сатып алуға жұмсалуы керек.

Құжаттар тек электронды форматта қабылданады. Өтінім мен қажетті құжаттар топтамасын kezekte.kz цифрлық платформасы арқылы жіберуге болады.

"Бір ауыл – бір өнім" бағдарламасы жергілікті өнім өндірушілерді қолдап, өңірлік брендтердің қалыптасуына ықпал етеді. Биыл облыстық көрмеде 50-ден астам кәсіпкер өз өнімдерін көпшілік назарына ұсынды. Олардың ішінен үздік 20 қатысушы іріктелді. Кейін бренд-комитет Жапония халықаралық ынтымақтастық агенттігінің (JICA) сарапшыларымен бірлесіп, 10 финалисті анықтады.

Олардың қатарында табиғи азық-түлік, киіз бұйымдары, авторлық кәдесыйлар, әшекейлер мен қолдан жасалған косметика өндірушілері бар.

Сондай-ақ Қарағанды облысының өзіндік ерекшелігін танытатын өзге де өнімдер шығаратын кәсіпкерлер іріктеуден өтті. Жобалар өнім сапасы, даму әлеуеті және нарықта ілгерілету мүмкіндіктері бойынша бағаланды.

Мемлекеттік грант беру талаптары мен конкурс құжаттары туралы толық ақпаратты Қарағанды облысының кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасынан алуға болады.

Байланыс телефоны: (8-7212) 50-38-73, ішкі нөмірі – 6324. Электрондық пошта: oblup@krg.gov.kz.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу