Қасым-Жомарт Тоқаев бастамалары ғылыми капиталды дамытуға серпін береді – сарапшы

111

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев соңғы жылдары ғылым мен білімге басымдық беріп, оны Қазақстанның халықаралық аренадағы беделін айқындайтын негізгі фактор ретінде атап келеді.

Қасым-Жомарт Тоқаев бастамалары ғылыми капиталды дамытуға серпін береді – сарапшы

Бұл ұстаным елдің даму моделін түбегейлі қайта қарауға бағытталған стратегиялық қадам ретінде бағалануда.

Осы тұрғыда Мұхтар Төлеген ғылыми капиталды дамыту тек экономикалық өсімнің ғана емес, ұлттық қауіпсіздік пен тәуелсіздікті нығайтудың да маңызды тетігі екенін атап өтті, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Оның пікірінше, Қазақстан бүгін "білім экономикасы" жолына түсіп, жүйелі реформалар арқылы ғылым мен инновацияны ел дамуының басты драйверіне айналдыруға бет алды.

– Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздің ғылыми капиталы оның халықаралық аренадағы беделінің басты өлшеміне айналатынына сенім білдірді. Сіз Мемлекет басшысының бұл ұстанымымен келісесіз бе? Ол қандай негіздерге сүйенеді?

– Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың ғылыми капиталды халықаралық аренадағы беделдің өлшемі ретінде белгілеуі – уақыт талабынан туындаған стратегиялық шешім. Мен бұл ұстаныммен толықтай келісемін. Бүгінде "жұмсақ күш" ұғымы тікелей білім мен технологияға байланған. Егер тарихқа үңілсек, әлемдік көшбасшы елдердің барлығы дерлік шикізатқа емес, адам капиталына сенім артқан. Мемлекет басшысының көзқарасы "білім экономикасы" концепциясына негізделеді. Біздің ғалымдарымыз халықаралық деңгейде танылып, отандық технологиялар экспортқа шыққанда ғана Қазақстанның беделі асқақтай түспек. Бұл – тек экономикалық емес, сонымен бірге ұлттық қауіпсіздік пен тәуелсіздікті нығайтудың төте жолы.

– Қазақстанның ғылыми әлеуетін қалай бағалайсыз? Саланы дамытуда мемлекеттік қолдаудың маңызы қаншалықты зор? Республикада қазақстандықтардың ғылыми капиталын дамыту үшін қандай мүмкіндіктер жасалған?

– Қазақстанның ғылыми әлеуеті зор, бірақ ол ұзақ уақыт бойы "ұйқыдағы" күйде болды. Қазіргі реформалар осы әлеуетті оятуға бағытталған. Мемлекеттік қолдаудың маңызын айтқанда, біз тек қаржыландыруды ғана емес, ғылымды басқарудың жаңа моделін айтуымыз керек. Бүгінде ғалымдар үшін жасалып жатқан мүмкіндіктер ауқымды:

• Қаржыландыру: ғылымды қаржыландыру көлемі еселеп артты. Ең бастысы – іргелі ғылыммен айналысатын ғалымдардың еңбегін тікелей бюджеттен қаржыландыру (базалық қаржыландыру) енгізілді.

• Әлеуметтік қолдау: "Ғалымдарға арналған баспана" бағдарламасы, жас зерттеушілердің жалақысын көтеру кадр тұрақтылығын қамтамасыз етеді.

• Халықаралық интеграция: "500 ғалым" бағдарламасы бойынша әріптестеріміз әлемнің үздік зертханаларында тәжірибе жинақтауда. Бұл шаралардың барлығы ғылымды "өзін-өзі ақтай алмайтын сала" деген ескі стереотиптен арылтып, оны ең табысты және беделді салаға айналдырады.

– Қасым-Жомарт Тоқаев Конституцияның преамбуласында алғаш рет мәдениет, білім, ғылым және инновация құндылықтарына нақты бағдар берілгенін атап өтті. Бұл мемлекеттің дамуы үшін қаншалықты маңызды?

– Ата Заңымыздың преамбуласына мәдениет, білім, ғылым және инновация құндылықтарының енгізілуі тарихи оқиға. Бұл мемлекеттің даму философиясының түбегейлі өзгергенін көрсетеді. Егер бұрын біз тек әлеуметтік мемлекет құруды көздесек, енді біз "интеллектуалды ұлт" қалыптастыруды конституциялық деңгейде мақсат етіп отырмыз. Бұл инновацияларға жол ашу, креативті индустрияны дамыту және ұлттық кодты сақтай отырып, жаһандық өркениетке қосылу үшін өте маңызды. Заңнамалық негіз болған жерде кез келген реформа орнықты болады.

– Қазақстанның жаңартылған Негізгі заңында көрініс тапқан басты өзгерістерге қатысты пікіріңіз қандай? Сіз қай тұстарын ең маңызды деп санайсыз?

– Конституциялық реформа – Қазақстанның саяси келбетін түбегейлі өзгерткен қадам. Меніңше, ең маңызды өзгеріс – биліктің халыққа жақындауы. Мәселен, жердің халыққа тиесілі екендігі туралы норма халықтың мемлекетке деген сенімін қайтарды. Конституциялық сот институтының қайта жаңғыруы әр азаматтың өз құқығын тікелей қорғай алуына мүмкіндік берді. Бұл өзгерістер "Әділетті Қазақстан" құрудың іргетасы. Біз суперпрезиденттік басқарудан классикалық демократиялық үлгіге сенімді түрде өттік.

– Президент Құрылтайға сайлау тамыз айында өтетінін мәлімдеді. Бұл жаңа саяси институт қазақстандықтарға қандай мүмкіндіктер ашады? Сондай-ақ, ел үшін маңызды оқиғалар туралы алдын ала хабарлау қадамын қалай бағалайсыз?

– Президенттің Құрылтайға сайлау туралы алдын ала хабарлауы саяси мәдениеттің жаңа биігі. Бұл "тосын сый" жасау немесе әкімшілік ресурсты пайдалану емес, керісінше, адал бәсекеге жағдай жасау. Партияларға бес ай уақыт беру – олардың электоратпен сапалы жұмыс істеуіне, бағдарламаларын пысықтауына мүмкіндік береді. Құрылтайдың өзі – ұлттық бірлікті нығайтатын, қоғамдық диалогты жаңа деңгейге көтеретін бірегей институт. Бұл қадам биліктің өз күшіне сенімді екенін және ашық саяси бәсекеден қорықпайтынын дәлелдейді.

Мемлекет басшысы: "Құрылтайға сайлау Қазақстанның бүкіл саяси жүйесін ауқымды “қайта құру” үдерісінің бастауы болады", – деп қорытындылады. Соңғы жылдары Қасым-Жомарт Тоқаев бастамасымен жүргізіліп жатқан реформаларды жалпы қалай бағалайсыз? Сіздің ойыңызша, ел қандай бағытты таңдады?

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бастаған реформаларды тек атүсті өзгерістер емес, ауқымды жүйелік трансформация деп қабылдау керек. Еліміз "Күшті Президент – ықпалды Парламент – есеп беретін Үкімет" үлгісін таңдады. Бағыттың дұрыстығын уақыт өзі дәлелдеп отыр. Біз тұрақтылықты сақтай отырып, демократиялық құндылықтарды бойымызға сіңіріп жатырмыз. Болашақ ұрпаққа демократиялық, құқықтық және өркениетті мемлекетті аманаттаудың жалғыз жолы.

– Қасым-Жомарт Тоқаев Конституцияда көрсетілген "Заң мен Тәртіп" қағидаттарын сақтау қажеттігіне ерекше назар аударды. Президенттің айтуынша, қоғамдық келісім мен тұрақтылықты бұзуға, әлеуметтік және ұлтаралық алауыздықты ушықтыруға бағытталған кез келген әрекет заң аясында қатаң түрде тоқтатылады. Осы мәселеге қатысты сіздің пікіріңіз қандай?

– Президенттің "Заң мен Тәртіп" қағидатына ерекше тоқталуы – қоғамдық сұранысқа берілген жауап. Демократия – жүгенсіздік емес, бұл заң аясындағы еркіндік. Кез келген алауыздық, ұлтаралық немесе әлеуметтік кикілжің – мемлекеттің іштен іруіне әкеп соғады. Сондықтан заңды бұзуға бағытталған кез келген әрекеттің қатаң тоқтатылуын мен толық қолдаймын. Тәртіп бар жерде – береке бар, береке бар жерде – даму бар. Біз заң алдында бәрі тең болатын қоғам құруымыз керек, бұл – Әділетті Қазақстанның басты шарты.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу