Қасым-Жомарт Тоқаев пен Тәмим бен Хамад Әл Тәни БАҚ өкілдері үшін брифинг өткізді

550

Президент келіссөздерге мәнді де, мағыналы пікір алмасу болды деп бағалады, деп хабарлайды inbusiness.kz.

Қасым-Жомарт Тоқаев пен Тәмим бен Хамад Әл Тәни БАҚ өкілдері үшін брифинг өткізді Фото: akorda.kz

Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан мен Қатар арасында дипломатиялық қарым-қатынас орнаған 30  жыл ішінде екі елдің ынтымақтастығы нығайып, сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық салалардағы байланыстар,  сондай-ақ  жаһандық және өңірлік құрылымдар аясындағы іс-әрекеттер дамып келе жатқанын атап өтті.

"Жалпы, Қатар – біз үшін Таяу Шығыстағы өте маңызды серіктес. Себебі Доха біздің әлеуметтік-экономикалық, саяси реформаларымызға алғашқылардың бірі болып  қолдау көрсетті. Мен мұны  бүгін  шейх Тәмимнің өзіне де айттым. Оның  екіжақты ынтымақтастықты нығайтуға қосқан үлесін жоғары бағалаймыз. Халқымыздың атынан ризашылық білдірдім", – деді Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев.

Президенттің айтуынша, бүгінгі келіссөздер нәтижесінде тараптар маңызды мәселелерді талқылап, бірқатар келісімге келген.

"Қазақстан мен Қатар екіжақты қарым-қатынастағы сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастыққа баса назар аударады. Алайда коронавирус індеті  және геосаяси ахуал әлеуетімізді толық пайдалануға мүмкіндік бермеді. Сол себепті соңғы жылдары  сауда-саттығымыз бәсеңдеп кетті. Ендігі мақсатымыз – елдеріміз арасындағы тауар айналымын жандандыру. Бұған  қолайлы жағдай жасалды",  – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Қазіргі уақытта Қатардың бірнеше компаниясы Қазақстанның ауыл шаруашылығы саласында табысты жұмыс істеп жатыр. Олардың өнімі бірқатар мемлекетке экспортталады. Сонымен қатар тараптар геологиялық барлау, тау-кен өнеркәсібі, көлік-логистика, қаржы және банк секторын дамытуға уағдаласты. Мемлекет басшысы бұл келісімдердің қазақ-қатар қатынастарының дамуына тың серпін беретініне сенімді екенін жеткізді.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу