Жер маңындағы орбитада жиналған ғарыш қоқысы спутниктердің жұмысына қауіп төндіріп отыр. Бұл мәселе GPS навигациясына, байланыс жүйелеріне және ауа райын болжауға тікелей әсер етуі мүмкін. Бұл туралы Назарбаев Университетінің ғалымдары мәлімдеді, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Мамандардың мәліметінше, қазіргі таңда Жер орбитасында 10 сантиметрден асатын шамамен 30 мыңға жуық ғарыш қоқысы бар. Олардың қатарында істен шыққан спутниктер, зымырандардың жоғарғы бөліктері және әртүрлі металл сынықтары кездеседі.
– Ғарыш қоқысы – адамзаттың ортақ ресурстарды қаншалықты жауапкершілікпен пайдалана алатынын көрсететін мәселе, – деді Инженерия және цифрлық ғылымдар мектебінің өкілі Дмитрий Сизов.
Бұл нысандар секундына бірнеше шақырым жылдамдықпен қозғалады. Сондықтан олардың соқтығысуы жаңа, одан да ұсақ қоқыстардың пайда болуына және орбиталардың одан әрі ластануына себеп болуы мүмкін.
– Егер бұл үдеріс тоқтамаса, біз GPS, спутниктік байланыс пен ауа райын болжау жүйелерінен айырылуымыз мүмкін, – деп түсіндірді ғалым.
Осы мәселені шешу үшін Назарбаев Университетінде ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігінің гранты аясында арнайы ғылыми жоба іске асырылып жатыр. Жоба ғарыш қоқысын жоюдың, яғни бір нысанды ұстап, оны орбитадан шығару тәсілдерін зерттейді.
Жобаның негізгі идеясы – ғарыштағы бақылаусыз ұшып жүрген ірі нысандардың қозғалысын баяулату. Ол үшін қоқыс нысанына арнайы құрылым жалғанады. Бұл құрылым объектінің сыртқы ауданын үлкейтеді. Соның нәтижесінде атмосфералық кедергі (ауа қарсылығы) артып, нысан біртіндеп жылдамдығын жоғалтады.
Жылдамдығы азайған ғарыш қоқысы төмен орбитаға түсіп, ақырында Жер атмосферасында жанып кетеді. Зерттеу барысында tether (трос, жіңішке байланыс арқан) арқылы қоқыс нысанын басқару мүмкіндіктері математикалық модельдер арқылы есептеліп жатыр.
Ғалымдардың айтуынша, ғарыш қоқысын жою – жаңа әрі қарқынды дамып келе жатқан бағыт.
– Бұл салада Қазақстан ірі ғарыш державасы болмаса да, ғылыми әдістер мен модельдер ұсыну арқылы өз орнын таба алады, – деді Дмитрий Сизов.