Оның айтуынша, министрлік тарапынан бірнеше рет ұсыныстар жолданғанымен, кейбір әкімдіктер бұл іске салғырт қарап отыр, деп жазады inbusiness.kz сайты.
"Біз тарихи-мәдени мұраларды сақтау бойынша әкімдіктерге бірнеше мәрте нақты ұсыныстар жолдадық. Бірақ кейбір аймақтарда бұл бағыттағы жұмыстар әлі де мардымсыз. Осыған байланысты министрлік тарапынан кешенді жоспар дайындалды. Жоспар үш негізгі бағытты қамтиды және қазір мемлекеттік органдармен келісіліп, Үкіметке ұсынылуға дайын тұр", – деді Аида Балаева Үкімет отырысында.
Жоспардың басты бағыттарының бірі – ЮНЕСКО қамқорлығындағы нысандармен жүйелі түрде жұмыс істеу.
Бұл бағытта ескерткіштерді сақтау мен қорғау, заманауи буферлік аймақтарды мониторингтеу технологияларын енгізу, сондай-ақ Бүкіләлемдік мұра тізіміне енген 10 ескерткішті басқару бойынша арнайы менеджмент-жоспар әзірлеу қарастырылған.
"Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, 2025 жылдың қаңтарында екі ірі номинациялық құжат ЮНЕСКО-ға жолданды. Олар – "Маңғыстау жерасты мешіттері" және көрші елдермен бірлесіп ұсынылған "Жібек жолы. Ферғана–Сырдария дәлізі" трансұлттық номинациясы. Ал 2026 жылы ЮНЕСКО тізіміне 11 жаңа қазақстандық ескерткішті енгізу жоспарланып отыр", – деп мәлімдеді министр.
Сонымен қатар жақында ғана қазақтың дәстүрлі "Беташар" рәсімі ЮНЕСКО деңгейінде мәдени мұра ретінде мойындалды.
Қазір "Салбурын" аңшылық дәстүрі мен "Алпамыс батыр" эпосы да халықаралық тіркеуге ұсынылды. Бұдан бөлек, Қызылорда облысындағы үш тарихи нысан да ЮНЕСКО тізіміне енуі мүмкін.