Қазақстан мен БАӘ сыртқы істер министрлері өңірдегі жағдайды талқылады

129

Сұхбат барысында тараптар Таяу Шығыстағы қазіргі ахуалды талқылап, өңірдегі шиеленіс төңірегінде пікір алмасты.  

Қазақстан мен БАӘ сыртқы істер министрлері өңірдегі жағдайды талқылады Фото: gov.kz

Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрі Ермек Көшербаев Біріккен Араб Әмірліктері Премьер-министрінің орынбасары – Сыртқы істер министрі шейх Абдалла бен Заид Әл Наһаянмен телефон арқылы сөйлесті, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Ермек Көшербаев ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев бұрын білдірген ұстанымды растады және өңірдегі эскалацияның жалғасуына, оның ішінде БАӘ аумағына жасалған соққыларға байланысты алаңдаушылық танытты. Қазақстан бейтарап мемлекеттерді әскери іс-қимылдарға тартуға қарсы екені, сондай-ақ өңір елдерінің егемендігі мен аумақтық тұтастығын бұзуға жол берілмейтіні жеткізілді.

Ахуалды халықаралық құқық қағидаттары негізінде жедел түрде деэскалациялау және дағдарысты саяси-дипломатиялық жолмен реттеу қажеттігіне назар аударылды.

Екіжақты ынтымақтастық мәселелерін талқылау барысында Е.Көшербаев БАӘ-нің өңірдегі Қазақстанның негізгі серіктестерінің бірі екенін және елдерімізді дәстүрлі бауырластық қатынастары байланыстыратынын атап өтті.

Қазақстан СІМ басшысы БАӘ аумағында болған ҚР азаматтарын эвакуациялауға көрсеткен жәрдемі үшін әріптесіне алғыс білдірді. Азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және оларды отанына қайтару ел үшін басым міндет болғанын жеткізді.

Сыртқы саяси ведомстволардың басшылары халықаралық аренада екі мемлекеттің жоғары деңгейдегі саяси диалогы мен өзара қолдауына да назар аударды. Өз кезегінде шейх Абдалла бен Заид Әл Наһаян көрсетілген қолдау үшін қазақстандық тарапқа ризашылығын білдіріп, өңірлік тұрақтылық пен қауіпсіздікті қамтамасыз етуге бағытталған халықаралық күш-жігердің маңыздылығын атап өтті.

Сұхбат қорытындысы бойынша тараптар екіжақты ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға, сондай-ақ халықаралық және өңірлік ұйымдар аясында іс-қимылдарды үйлестіруді жалғастыруға дайын екендерін растады.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу