Қазақстан Моңғолиядағы миллиард ағаш отырғызу жобасына қатыса ма?

519

Қазақстан Елшісі Ғалымжан Қойшыбаевтың Моңғолия Президентінің Сыртқы саясат жөніндегі кеңесшісі Эрдэнэцогтын Одбаярмен кездесуінде моңғол тарапы осыған қызығушылық танытты.

Қазақстан Моңғолиядағы миллиард ағаш отырғызу жобасына қатыса ма?

Бұл туралы СІМ баспасөз қызметі хабарлады, деп жазады inbusiness.kz

Кездесу барысында тараптар екі ел арасындағы ынтымақтастықтың жағдайы мен перспективалық бағыттары туралы пікір алмасты, сондай-ақ алдағы кезеңге арналған екіжақты, оның ішінде Қазақстан мен Моңғолия арасындағы дипломатиялық қарым-қатынастардың 30 жылдығы аясында атап өтілетін іс-шаралардың кестесін талқылады.

Атап айтқанда, осы жылдың күзіне жоспарланған Сауда-экономикалық, ғылыми-техникалық және мәдени ынтымақтастық жөніндегі қазақстандық-моңғол үкіметаралық комиссиясының келесі отырысына егжей-тегжей дайындықтың, сондай-ақ жоғары деңгейдегі өзара байланыстар мен сапарларды сапалы пысықтаудың маңыздылығын атап өтті.

Э. Одбаяр Моңғолияда Президент Ухнаагийн Хурэлсухтың бастамасы бойынша іске асырылып жатқан миллиард ағаш отырғызу жөніндегі жобаға Қазақстанның қатысуына қызығушылық танытты.

Өзара біріккен күшті жұмылдыруға болатын басым бағыттар ретінде ол сондай-ақ "жасыл" экономиканы бірлесіп дамытуды, азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету мен халықтың денсаулығы салаларындағы ынтымақтастықты атады.

Өз кезегінде Ғ. Қойшыбаев екі елдің аталған бағыттардағы ұлттық бағдарламалары мен жобаларының мақсаттары мен міндеттерінің ұқсастығын айта отырып, өзара ынтымақтастықты арттыру мақсатында аталған мәселелерді алдағы үкіметаралық комиссия отырысының күн тәртібіне енгізуді ұсынды. Сонымен бірге ол контрәріптесін бір күн бұрын орын алған Моңғолия Үкіметінің жаңа құрамының бекітілуімен құттықтап, қазақ-моңғол әріптестігін барлық бағыттарда одан әрі нығайту мақсатында екі елдің тиісті министрліктері мен ведомстволары арасында тікелей байланыс орнатуға белсенді түрде жәрдемдесуге қазақстандық дипломатиялық өкілдіктің әзір екенін жеткізді.

Сонымен қатар әңгімелесу барысында Қазақстан мен Моңғолияның халықаралық істердегі өзара іс-қимылының жекелеген мәселелері, БҰҰ, АӨСШК және МАГАТЭ сияқты көпжақты форматтар шеңберінде өзара қолдау көрсету, сондай-ақ екі елдің кандидатуралары мен жаһандық бастамаларын ілгерілету мәселелеріндегі ынтымақтастық талқыланды.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу