Қосылған құн салығы бойынша міндетті тіркеудің шегі 15 миллионнан 40 миллион теңгеге дейін ұлғайтылды, деп жазады inbusiness.kz сайты.
Елімізде ҚҚС жаңа мөлшерлемесі 16% болып белгіленді, ал міндетті тіркеудің шегі 15 миллионнан 40 миллион теңгеге дейін ұлғайтылды.
Мәжіліс депутаттары жаңа Салық кодексі мен оған салық салу мәселелері бойынша ілеспе түзетулерді екінші оқылымда қабылдады.
Алғашында Үкімет ұсынған 20 пайыздық мөлшерлеме 16 пайызға дейін төмендетілді. Қосылған құн салығы бойынша міндетті тіркеудің шегі 15 миллионнан 40 миллион теңгеге дейін ұлғайтылды.
Дәрілік заттар мен медициналық қызметтерге қосылған құн салығының төмендетілген мөлшерлемелері енгізіледі: 2026 жылдан бастап 5 пайыз және 2027 жылдан бастап 10 пайыз болады.
"Бүгін біз маңызды заң – Салық кодексін қабылдадық. Мемлекет басшысы жыл басында Үкімет отырысында жаңа Салық кодексінің негізгі құрылымын айқындап берді. Әділ, ашық және болжамды салық заңнамасын қабылдау жөнінде алдымызға нақты міндет қойған болатын. Ол бизнес пен азаматтардың қаржылық міндеттемелерін реттейтін жай ғана ережелер жиынтығы емес. Жаңа экономикалық саясат жағдайында бұл Салық кодексін – әділдік пен ашықтық кодексі деуге болады. Сондықтан біз қабылданған кодексте осы процеске қатысушылардың барлығының мүдделерін теңдей сақтауға тырыстық. Депутаттар жұртшылық пен бизнестің осыған қатысты алаңдаушылығы мен пікіріне жіті ден қойды. Оның барлығын мұқият зерделеді. Осы орайда Үкімет ұсынған Салық кодексінің жобасы Мәжіліс қабырғасында едәуір жетілдірілгенін айта кеткен жөн. Мемлекет басшысы айқындаған басымдықтың бәрі Салық кодексінің жаңа редакциясынан көрініс тапты", - деді Парламент Мәжілісінің төрағасы Ерлан Қошанов.
Тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі, міндетті медициналық сақтандыру, сирек кездесетін және әлеуметтік маңызы бар ауруларды емдеу аясындағы тауарлар мен қызметтер қосылған құн салығын төлеуден босатылады.
Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары мен отандық басылымдарды, сондай-ақ баспа түріндегі кітаптарды басып шығару қызметтерін ҚҚС төлеуден босату жоспарда бар.
Ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерді қолдау мақсатымен қосымша есепке жатқызуға қосылған құн салығы сомасы 70 пайыздан 80 пайызға дейін ұлғайтылды.
Оңайлатылған декларацияны реформалау аясында рұқсат етуші тізімінің орнына тыйым салынатын тізімі енгізілді.
Мәслихаттардың өңірлік ерекшеліктерін ескере отырып ±50%-ға дейін түзету мүмкіндігімен 4 пайыздық бірыңғай мөлшерлеме белгіленді. Кәсіпкерлік субъектілері арасындағы операцияларға арнаулы салық режимін қолдану кеңейтілді.
Ойын бизнесі мен банктер үшін корпоративті табыс салығы мөлшерлемесі 25 пайызға дейін көбейтілді. Ал банктер үшін кәсіпкерлік субъектілерін несиелеуден түсетін кірістер бойынша мөлшерлеме 20 пайыз деңгейінде қалды.
Жеке табыс салығының прогрессивті шкаласы енгізіледі:
- Жалақы бойынша: 8500 АЕК-ке дейінгі табысқа – 10% (жылына 33,5 млн теңгеге дейін), одан жоғары болса – 15%;
- Живидендтер түріндегі кірістер үшін: 230 000 АЕК-ке дейін – 5% (1 млрд теңгеге жуық) және одан жоғары болса – 15%;
- Резидент емес жеке тұлғалардың кірістері үшін: 600 000 АЕК-ке дейін – 10%, одан жоғары болса – 17%.
"Бұл құрылым салық салудың әділдігі мен пропорционалдылығын сақтай отырып, табысы төмен және орташа азаматтарға салық жүктемесін арттырмауға мүмкіндік береді", – деп есептейді Мәжілістің баспасөз қызметі.
2025 жылдың 28 қаңтарында Үкіметтің кеңейтілген отырысында Премьер-министр Олжас Бектенов ҚҚС мөлшерлемесін көтеру қажеттігін мәлімдеді. Кейін Премьер-министрдің орынбасары Қанат Бозымбаев бұл шараның қазір үкіметте сарапшылармен талқыланып жатқанын хабарлады.
7 ақпанда Қасым-Жомарт Тоқаев отандық бизнес өкілдерімен кездесуінде үкіметке ҚҚС мөлшерлемесі мәселесін одан әрі зерделеуді тапсырған болатын.
Президенттің айтуынша, кез келген жаңашылдық жан-жақты талдау мен ойластырылған стратегия негізінде жүзеге асырылуы тиіс.
Бұдан кейін Президент тарифтің жоғарғы шегі туралы шешімді білікті сарапшылардың, кәсіпкерлердің, депутаттардың пікірлерін ескере отырып, нақты есептеулер негізінде үкімет қабылдауы керектігін баса айтты. Ал, 11 ақпанда Олжас Бектенов Салық кодексіне өзгертулер мен толықтырулар енгізу жобасын 20 ақпанға дейін Мәжіліске енгізуді тапсырған болатын.