2015–2019 жылдары бұл саладағы жылдық қызмет көлемі 24 млрд теңгеден аспаса, 2020 жылы пандемия кезеңінде көрсеткіш бірден алты есеге артты, деп жазады inbusiness.kz сайты finprom.kz порталына сілтеме жасап.
2022 жыл нарық көлемі 553,7 млрд теңгеге жетіп, бір жыл ішінде 7,5 есеге ұлғайды. Кейінгі үш жылда көрсеткіш тұрақталып, жыл сайын шамамен 470–480 млрд теңге деңгейінде сақталып отыр. Дегенмен, бұл он жыл бұрынғыдан 20 есе көп.
Нарық құрылымында да түбегейлі өзгеріс болды. Бұрын орта және ірі операторлар басымдыққа ие болса, 2025 жылы көлемнің 82%-ын шағын кәсіпорындар қамтамасыз етті. 2019 жылы олардың үлесі небәрі 11,5% еді.
Қаржы министрінің орынбасары Ержан Біржановтың айтуынша, шамамен 700 мың қазақстандық тұрақты түрде бәс тігіп отырады. Бұл – ірі облыс орталығының халқы шамасындағы көрсеткіш. Сонымен қатар банктер мұндай белсенділікті несие беру кезінде ескеріп, қаржылық жүктемені бағалауда назарға алуы мүмкін.
Шетелдік компаниялар да нарықта елеулі үлесін сақтап отыр. 2024 жылы олардың үлесі 296,2 млрд теңгені құраса, 2025 жылы 217,2 млрд теңгеге дейін төмендегенімен, капитал әлі де елден халықаралық платформалар арқылы шығарылуда.
Ресми деректер тек лицензияланған операторлармен жұмыс істейтін ойыншыларды қамтиды. Ал көлеңкелі сегмент – заңсыз букмекерлік кеңселер мен онлайн-казино – қарқынды дамып келеді. Олар салық төлемейді, ойыншылардың құқықтарын қорғамайды және қазақстандық реттеушілер үшін қолжетімсіз.
Бұл платформаларды алға жылжытудың басты құралы – блогерлер мен инфлюенсерлер. Әлеуметтік желілердегі жасырын жарнама миллиондаған аудиторияға жетіп, әсіресе 30 жасқа дейінгі жастарды тартуда. Қазақстанда блогерлерге құмар ойындарды жарнамалау заңмен тыйым салынғанымен, шетелдік контентке бұл талап жүрмейді.