Мәжіліс депутаты Снежанна Имашева елдегі құқықбұзушының портреті қандай екенін айтты, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
"Талдау нәтижесі қылмыскерлердің 80%-ы жұмыссыз екенін, үштен бірі бұрын сотталғанын көрсетіп отыр. Тұлғаға қарсы қылмыстардың 30%-ы мас күйде жасалады", – деді Ішкі істер министрі Ержан Сәденов Үкімет сағатында.
Мәжіліс депутаты Снежанна Имашева елдегі құқықбұзушының портретіне тоқталды.
"Жыл сайын шамамен 60 мың адам қылмыстық құқықбұзушылық жасайды. Олардың ішінде 85%-ы – ер адамдар, ал 15%-ы – әйелдер. 93,8%-ы (56 788 адам) – Қазақстан азаматтары, 2,9%-ы (1 783 адам) – ТМД елдерінің азаматтары мен шетелдіктер. Қылмыстық құқықбұзушылықты көбіне 21 жастан 39 жасқа дейінгі тұлғалар жасайды. Бұл жас категориясы барлық құқықбұзушылықтардың жартысынан астамын құрайды. Құқық бүзушының әлеуметтік портреті: 20-40 жас аралығындағы ер адам, жұмыссыз (77%), жоғары білімі жоқ (81%), мас күйінде (15%) құқық бұзады", – деді депутат.
Айта кету керек, бұған дейін ІІМ көңіл көтеру орындарында ішімдікті сату уақытын шектеуді ұсынғанын жазғанбыз.