Бүгінде елімізде қысқы спорт түрлеріне арналған 1262 спорт нысаны бар. Бұл туралы Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов айтты, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
"Елімізде қысқы олимпиадалық спорттың 13 түрі дамуда. Олардың тұрақты дамуын қамтамасыз ету және олимпиадалық резервті дайындау мақсатында спорттық инфрақұрылымды кеңейту жұмыстары жүргізілуде. Бүгінде елімізде қысқы спорт түрлеріне арналған 1262 спорт нысаны бар", – деді министр Үкімет отырысында.
Оның сөзінше, құрылған инфрақұрылым қысқы спорт түрлерінің қолжетімділігін қамтамасыз етеді және олардың кеңінен дамуына ықпал етеді.
"Қысқы спорт түрлерімен жүйелі түрде айналысатын азаматтардың саны 149 мыңға жуық адамды құраса, спорт мектептерімен қамтылған балалар мен жасөспірімдер саны 17 мыңға жетті. Бұл ретте ұлттық команданы қалыптастыру халықаралық жарыстардағы нәтижелер бойынша жүзеге асырылады", – деп атап өтті Ербол Мырзабосынов.
Айта кету керек, бұған дейін Спорт министрі қысқы Олимпиада ойындарына дайындық барысы туралы айтқанын жазғанбыз.