Қазақстанда өнеркәсіптегі өндіріс көлемі 101,4%-ға жетті

467

2022 жылдың қаңтар-қараша аралығында өнеркәсіптегі өндіріс көлемі 2021 жылдағы кезеңмен салыстырғанда 101,4%-ға жетті.  

Қазақстанда өнеркәсіптегі өндіріс көлемі 101,4%-ға жетті Фото: egemen.kz

Бұл өсім өңдеу (4,2%), металлургия (3,9%), машина жасау (8,9%) жеңіл өнеркәсіп (6,9%), сондай-ақ түсті металл кендерін өндіру саласындағы (5,9%) өндіріс көлемінің ұлғаюы есебінен байқалып отыр. Ал тау-кен өнеркәсібіндегі көрсеткіш 0,9%-ға төмендеген.

Бұл туралы ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі хабарлайды, деп жазады Inbusiness.kz.

Жақсы көрсеткіштерге қарамастан министрлік одан әрі қолдау шараларын қолға алды.

"Өнеркәсіпке мемлекеттік ынталандыру шараларын ұсыну қағидаларына сәйкес шығындарды өтеу Индустрия 4.0 технологияларын енгізуге және автоматтандырылған басқару жүйелерін әзірлеуге немесе қолданысқа енгізуге (оның ішінде лицензиялық бағдарламалық қамтамасыз етуді сатып алуға) беріледі. Қазір 6 өнеркәсіптік кәсіпорын IT-шешімдерге жұмсалған шығындардың орнын толтыра алды", - делінген хабарламада.

2023 жылы республикалық бюджеттен 1,6 млрд теңге өнеркәсіпте сатып алынатын жабдық құнының 50% (750 млн теңгеден аспайтын) мөлшеріне дейін технологиялық жабдықты жаңғыртуға арналған грантты ұсынуға қарастырылған.

"Бұған қоса ҚР ИИДМ өнеркәсіпті қолдаудың қосымша шаралары ретінде 2023 жылда бірқатар іс-шараны өткізуді жоспарлап отыр. Оның ішінде АММ-2023 (Халықаралық тау-кен металлургия конгресі) форумы мен шетелдік делегаттардың қатысуымен Қазақстанның машина жасаушыларының XI форумын өткізу бар", - делінген хабарламада.

Бұдан басқа биыл қазақстандық кәсіпорындардың еліміздің аумағы мен Ресей Федерациясы және Өзбекстанда өткізілетін "ИННОПРОМ" көрмесі аясындағы түрлі ауқымды іс-шараларға қатысуы жоспарланған.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу