Қазақстандағы екі шетелдік банк бірігуі мүмкін, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің төрағасы Мәдина Әбілқасымова Abu Dhabi Commercial Bank (БАӘ) капиталды корпоративтік басқару және инвестициялық банкинг тобының директоры Людовик Нобилимен және "Abu Dhabi Commercial Bank" ислам банкі" (ADCB) АҚ банкінің басшылығымен кездесу өткізді. Кездесуге Директорлар кеңесінің Төрағасы Фарук Аль Мурзуки, Басқарма Төрағасы Гордон Хаскинс және банктің басқа да басшылары қатысты.
"Кездесу барысында тараптар АDСВ тобының стратегиясын және оның Қазақстандағы қызметін, сондай-ақ әмбебап банктік лицензия мен исламдық банктік және өзге де операцияларды жүзеге асыруға лицензия алуға байланысты мәселелерді талқылады. Банк өкілдері сондай-ақ "АDСВ" ислам банкі" АҚ активтері мен міндеттемелерін "Abu Dhabi Commercial Вапк (Kazakhstan)" АҚ-ға беруге дайындық жұмысы туралы хабарлады", – делінген хабарламада.
Жаңа банктің ашылуы еліміздің банк секторындағы бәсекелестікті дамытуға, бизнес пен халық үшін қаржылық қызметтер аясын кеңейтуге, сондай-ақ халықаралық банк капиталын тартуға ықпал ететіндігі айтылған. Сонымен қатар, жаңа банк "исламдық терезе" тетігі арқылы исламдық қаржыландыруды дамытуды жоспарлап отыр, бұл елдің қаржы нарығында баламалы қаржы құралдарының қолжетімділігін кеңейтеді.
Қазіргі таңда елдегі банк секторында 23 банк жұмыс істейді, оның ішінде 10-ы – еншілес банк. Олардың қатарында Abu Dhabi Commercial Bank PJSC еншілес ұйымы болып саналатын "ADCB ислам банкі" АҚ жұмыс істейді.
Бұған дейін Агенттік Abu Dhabi Commercial Bank PJSC-ке "Abu Dhabi Commercial Bank (Kazakhstan)" АҚ еншілес банкін ашуға, құрылатын банкке қатысты банк холдингі мәртебесін алуға, сондай-ақ еншілес ұйым құруға рұқсат берген болатын. Банк Қазақстан Республикасының әділет органдарында 2026 жылғы 20 сәуірде тіркелген.