Қазақстанның банк секторын дамытуға әрі қарай өз үлесімізді қосатын боламыз - ЕҚДБ

372

Әлихан Смайылов ЕҚДБ және ЕИБ басшылығымен елімізде жаңа инвестициялық жобаларды жүзеге асыру мәселелерін талқылады. 

Қазақстанның банк секторын дамытуға әрі қарай өз үлесімізді қосатын боламыз - ЕҚДБ Фото: primeminister.kz

Алматыда өтіп жатқан "Еуропалық Одақ – Орталық Азия" екінші экономикалық форум аясында Премьер-Министр Әлихан Смайылов Еуропалық қайта құру және даму банкінің президенті Одиль Рено-Бассо және Еуропалық инвестициялық банктің вице-президенті Тереза Червинскаямен кездесулер өткізді, деп жазады inbusiness.kz Үкіметтің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

ЕҚДБ басшысымен келіссөздер барысында ҚР-дағы ірі инвестициялық жобаларды іске асыру, соның ішінде автожолдарды реконструкциялау, кәріз-тазарту құрылыстары мен энергетикалық қуаттарды жаңғырту мәселелері талқыланды.

Әлихан Смайылов Қазақстан Банкпен өзара іс-қимылдың стратегиялық сипатын және оның республиканың дамуына қосқан үлесін жоғары бағалайтынын атап өтті.

"Қазіргі уақытта біз экономикалық мәселелердің кең ауқымын қамтитын тығыз байланыс орнаттық және оны одан әрі дамытуды көздеп отырмыз. Қазақстан мен ЕҚДБ арасындағы ынтымақтастықты сапалы жаңа деңгейге шығаруға болатынына сенімдімін", - деді Премьер-Министр.

Өз кезегінде Одиль Рено-Бассо ЕҚДБ Қазақстандағы жобаларға белсенді атсалысып жатқанын атап өтті.

"Біз ынтымақтастығымызды одан әрі жалғастыратынымызға қуаныштымыз. "Жасыл" энергетиканы, жеке секторды және инфрақұрылымды дамыту жобалары біздің басым бағыттарымыз болып қала береді. Сонымен қатар біз елдің банк секторын дамытуға әрі қарай өз үлесімізді қосатын боламыз", - деді Одиль Рено-Бассо.

Тереза Червинскаямен кездесуде көлік-логистика саласындағы және агроөнеркәсіптік кешендегі ынтымақтастық, атап айтқанда, инвестициялық және технологиялық жобаларды жүзеге асыру мәселелері талқыланды.

Премьер-Министр Қазақстан Еуропалық инвестициялық банктің біздің елмен ынтымақтастықты кеңейту ниетін жоғары бағалайтынын атап өтті. Осыған байланысты Қазақстанда ЕИБ кеңсесінің ашылуы инвестициялық портфельді және Банктің өңірдегі қызметін айтарлықтай дамытуға мүмкіндік береді.

"Қазақстан Үкіметі ЕИБ-пен өзара мүдделі мәселелердің кең ауқымы бойынша әріптестікті тереңдетуге дайын екенін білдіреді. Ең басым бағыттардың бірі – "жасыл" экономиканы дамытуды ынталандыру", - деді Әлихан Смайылов.

Өз кезегінде Тереза Червинская Қазақстанды экономикалық кооперация саласында жақсы серіктес ретінде танитынын атап өтті.

"Біз бұл өңірде ұзақ уақыт жұмыс істеп келеміз және "жасыл" экономика бағытындағы ынтымақтастықты одан әрі тереңдетуді жоспарлап отырмыз. Бұл "жасыл" энергияны өндіру мен тасымалдауға, әртүрлі нысандар мен көлік саласының энергия тиімділігін арттыруға қатысты. Бұл тиісті инфрақұрылым қалыптастыруды және дамытуды қажет етеді. Біз сондай-ақ орта кәсіпорындармен тығыз жұмыс істеуге дайынбыз", - деді Тереза Червинская.

Еске салайық, осыған дейін  Үкімет басшысы Әлихан Смайылов Алматыдағы "Еуропалық Одақ – Орталық Азия" экономикалық форумына қатысатынын жазған болатынбыз.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу