Қазақстанның сұрауы бойынша Германияның Фюрт қаласында халықаралық іздеуде жүрген азамат Д. ұсталды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Қазақстан Ішкі істер министрлігінің мәліметінше, іздеудегі адам Интерпол желісі аясындағы халықаралық ынтымақтастық барысында неміс құқық қорғау органдары тарапынан анықталып, қамауға алынған.
"ІІМ жазадан бұлтармауды қамтамасыз ету мақсатында шетелдік әріптестермен және халықаралық ұйымдармен белсенді өзара іс-қимылын жалғастыруда", – деп атап өтті ведомство.
Ұсталған адам – Мақсат Дүйсенов. Ол бұған дейін Қазақстанның Қауіпсіздік Кеңесінде, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл ұлттық бюросында қызмет еткен.
2018 жылы сол кездегі Бас прокурор Қайрат Қожамжаровтың бұйрығымен Қазақстанның бас көлік прокуроры болып тағайындалған. 2025 жылғы тамыз айының соңында Мақсат Дүйсеновке халықаралық іздеу жарияланған еді.
Айта кетейік, 2025 жылдың басында Қазақстан ІІМ қылмыстық полицияның халықаралық ұйымы – Интерполмен ынтымақтастықты күшейткенін хабарлады.