Ең алдымен, адам құқықтары туралы бөлімде ұсталған, күдікке ілінген, айып тағылған әрбір адамның адвокаттың көмегін пайдалануға құқылы екендігін нақты жазу ұсынылды. Бұл туралы Конституциялық реформа жөніндегі комиссияның үшінші отырысында Республикалық адвокаттар алқасының төрағасы Мәди Мырзағараев мәлім етті, деп жазады inbusiness.kz сайты.
"Бұл – адам тағдыры таразыға түскен алғашқы сәттен бастап іске қосылатын адам құқығын қорғаудың нақты тетігі болады. Сондай-ақ, ұсынылған құжат жобасында адвокатураның мәртебесі жеке институт ретінде бекітілетіндігі айтылып отыр", – деп атап өтті ол.
Мырзағараевтың түсіндіруінше, бұл адвокатураның – әрбір адамның сот арқылы қорғану құқығын іске асыруға және заң көмегін алуына жәрдемдесетін құрылым ретінде танылатындығын көрсетеді.
"Азаматтарды қорғау – заңның сәні емес, ол заңның мәні. Өздеріңізге белгілі, Комиссия құрамында адвокатураның екі өкілі бар. Мен және белгілі адвокат, құқық қорғаушы Айман Умарова. Бұл ұсыныстарды біз бірлесе отырып пысықтадық. Бұл мәселеге кәсіби мүдде тұрғысынан емес, еліміздегі адам құқықтарын қорғау тетіктерін одан әрі жетілдіру қажеттігі тұрғысынан қарадық. Сонымен қатар, біз өз көзқарасымызбен ғана шектелген жоқпыз. Әріптестерімізбен, өңірлік адвокаттар алқаларының басшыларымен, тәжірибелі адвокаттармен кеңестік. Құқық нормаларын күнделікті тәжірибеде қолданып жүрген адамдармен пікір алмасылды", – деді Республикалық адвокаттар алқасының төрағасы.
Оның айтуынша, жоғарыдағы талқылаулар бұл кепілдікті қоғам көптен күтіп жүргенін, осындай жаңа конституциялық норма өмірде шын мәнінде қажет екендігін көрсетеді.
"Осыдан екі ай бұрын Республикалық адвокаттар алқасы төрағасының сайлауы өтті. Бұл қызметке он бес үміткер таласты. Олардың барлығының дерлік сайлауалды бағдарламасында бір ортақ ой болды. Ол – адвокатура мәртебесін конституциялық деңгейде бекіту. Мұның өзі, кәсіби қауымдастық ішінде осындай конституциялық нормаға деген сұраныс пісіп жетілгенін көрсетеді", – деп атап өтті Мәди Мырзағараев.
Сонымен қатар, ол аталған өзгерістер адам құқықтарын қорғау ісінде алға жасалған серпінді қадам, түбегейлі бетбұрыс болатынан маңыз берді. Құжат жобасында бұл нормалардың көрініс табуы – Комиссия мүшелерінің мәселеге терең әрі жауапкершілікпен қарағанын көрсетеді.
"Бұл – жай ғана редакциялық шешім емес. Адам құқықтарын қорғаудағы шынайы институционалдық таңдаудың белгісі. Адвокаттық қауымдастық атынан Комиссия мүшелеріне осы ұстанымдары мен қолдаулары үшін шынай ризашылығымды білдіремін. Жоба мәтінінде ұсыныстардың нақты көрініс табуы – өзара сенімнің, кәсіби диалогтың нәтижесі деп білемін", – деп түйіндеді сөзін Республикалық адвокаттар алқасының төрағасы.