"ҚазМұнайГаз" "ҚМГ Қашаған Б.В." компаниясындағы 50% үлесін 3,8 млрд долларға сатып алды

617

Ұлттық компания бұл үлесін 2015 жылы "Самұрық-Қазына" қорына сатқан болатын. 

"ҚазМұнайГаз" "ҚМГ Қашаған Б.В." компаниясындағы 50% үлесін 3,8 млрд долларға сатып алды

Бұл "ҚазМұнайГаз" үшін соңғы жылдардағы ең ірі сатып алу мәмілелерінің бірі, деп хабарлайды inbusiness.kz компанияның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

ҚМГ Басқарма төрағасының орынбасары Дәурен Қарабаевтың айтуынша, Қашаған жобасындағы үлесінің артуы арқылы ҚМГ-ның шоғырландырылған өндіру, EBITDA, таза пайда және активтер көрсеткіштері жақсармақ. Бұл ретте компанияның қарызы да артады. 

"Сатып алу үшін төлем ҚМГ Қашаған Б.В. ақша ағымдарының есебінен жүзеге асырылады деп жоспарлануда", – дейді Дәурен Қарабаев. 

Компания мәліметіне сүйенсек, ҚМГ-ның жалпы қарызы шоғырландырылған аудиттен өткен қаржылық есептілікке сәйкес 2022 жылдың бірінші жартыжылдығының соңында 8,4 млрд АҚШ долларына дейін азайған (2014 жылдың соңындағы жағдай бойынша 19,2 млрд АҚШ доллары). "ҚМГ Қашаған Б.В." үлесін сатып алу мәмілесі аяқталғаннан кейін ҚМГ-ның жалпы қарызы шамамен 10,7 млрд АҚШ долларына жетеді.

Айта кетсек, бұған дейін "ҚМГ Қашаған Б.В." компаниясының 50% үлесіне алдын ала шектеу қойылған еді, оны биыл Гаага (Нидерланд) Апелляциялық соты алып тастады. 

"Бұл шешімге қатысты Нидерланды Жоғарғы сотына түскен шағым ҚМГ-ның 50% үлесін сатып алу туралы мәмілесіне әсер етпейді, өйткені Апелляциялық соттың шектеуді алып тастау туралы шешімі дереу күшіне енеді", – делінген компания хабарламасында.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу