"Кейбір психологтардың өзіне психолог керек": Депутат маңызды бастама көтерді

177

Депутат психологсымақтарды реестрден алып тастау жеткіліксіз деп отыр. 

"Кейбір психологтардың өзіне психолог керек": Депутат маңызды бастама көтерді Фото: Мәжіліс

Мәжіліс депутаты Бақытжан Базарбек психологиялық көмекке жүгінген азаматтардың сотқа шағымдану құқығын енгізу жөнінде мәселе көтерді, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты. 

"Қазіргі заманда кейбір психологтарға өзінің психологы керек. Ал кейбір TikTok, Instagram-дағы рилстарын қарап, тікелей эфиріне кірсең, ол психологтарға психолог емес, психотерапевт, психиатр керек. Өкінішке қарай, ондай психологтар өздерінің курстарын жүргізіп жатыр. Негізі психологтардың мақсаты адамның психологиялық жағдайын жақсарту ғой. Ал кейбір психологтардың іс-әрекетінің нәтижесінде адам құрдымға кетіп қалады. Өзі уайымға кіріп, отбасынан ажырап, ажырасуға дейін жеткізеді, осындай үлкен салдары бар", – деді депутат.

Оның айтуынша, "Психологиялық қызмет туралы" заң жобасы жақсы жазылған. Алайда ескеретін дүниелер де жоқ емес. 

"Мысалы, заң жобасының 16, 19-баптарында психологиялық көмек алатын азаматтардың құқықтары дегенде келесі ұсыныс беретін едім. Оны екінші оқылымға дейін енгіземін. Егер де психологиялық көмек алатын азамат сотқа берсе, ондай құқық жоқ осы заң жобасының өзінде. Азамат психологиялық көмектен кейін зардап шексе, жағдайы нашарласа, психологиялық болмысы нашарлап, ертең одан шыға алмаса, психологтың жұмысы оған зиян келтірді деген сөз. Мұндай жағдайларда психолог жауап беруі керек. Оны реестрден ғана алып тастамау керек. Бұдан бөлек ол азаматтың моральдық зиянын өтеуі қажет. Аталған баптарда психологиялық көмек алатын азаматтардың сотқа беруге, моральдық зиян өтеп алуға құқық беруге қалай қарайсыздар?", – деп сұрады Бақытжан Базарбек.

Құзырлы орган депутаттың ұсынысын қолдайтынын білдірді.

"Бақытжан Жұмабекұлы, біз сізбен келісеміз. Моральдық зиян келтіргені үшін әрбір адам сотқа арыз беруге құқылы. Сондықтан егер заңға тиісті өзгерістер енгізу қажет болса, біз қарастыруға дайынбыз", – деді Әділет вице-министрі Лаура Мерсалимова.

Депутат ұсынған түзету "Психологиялық қызмет туралы" заң жобасының екінші оқылымына дейін қаралады.

Айта кету керек,  жыл сайын психология мамандығы бойынша 4 мыңға жуық жас маман даярланатынын жазғанбыз.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу