Компанияны тіркеу бойынша заңгерлік қызмет көрсеткен кәсіпкер қаржы пирамидасын құрды деп айыпталуда

416

Тергеу органдары қорғау тарапы ұсынған екі жүзге жуық куәнің айғақтарын назардан тыс қалдырған. 

Компанияны тіркеу бойынша заңгерлік қызмет көрсеткен кәсіпкер қаржы пирамидасын құрды деп айыпталуда Фото: inbusiness.kz

Қазақстан Республикасындағы Кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау жөніндегі уәкіл Қанат Нұров осыдан екі ай бұрын "Цифрлық құқық орталығының" басшысы Ермек Рүстемовке қатысты қылмыстық іс бойынша Қазақстан Республикасының Бас прокуроры Берік Асыловқа жүгінген болатын, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Алайда бүгінгі күнге дейін аталған өтінішке жауап берілмеген.

Бизнес-омбудсменнің ұстанымы айқын: Қазақстан Республикасы Қаржылық мониторинг агенттігінің Алматы қаласы бойынша Экономикалық тергеп-тексеру департаменті кәсіпкерді қылмыстық қудалау аясына негізсіз тартқан. Тергеу органы Е. Рүстемовке Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 217-бабы бойынша қаржы пирамидасын құрды және оған басшылық жасады деген айып тағып отыр. Алайда бұл айыптың негізіне оның заңгерлік компаниясы Amir Capital компаниясын тіркеуге байланысты көрсеткен әдеттегі заңгерлік қызметтері алынған.

Іс материалдарына сәйкес, заңгерлік компанияның Amir Capital компаниясының негізін қалаушы Мынбаев М.А.-мен ынтымақтастығы қолданыстағы заңнама талаптарына толық сәйкес жүзеге асырылған. 2019 жылы тараптар стандартты заңгерлік сүйемелдеу қызметтерін көрсетуге арналған біржолғы шарттар жасасқан.

Е. Рүстемовтің атқарған жұмысы Amir Capital компаниясының шетелде, атап айтқанда Эстонияда, заңды лицензиялар алуына қажетті құжаттар топтамасын әзірлеумен ғана шектелген. Ол да, оның заңгерлік компаниясы да Amir Capital компаниясының кейінгі операциялық қызметіне, қаржы айналымына немесе инвестициялық қызметіне қандай да бір түрде қатыспаған.

Осыған байланысты Бизнес-омбудсмен кәсіпкердің қылмыстық жауапкершілікке тартылуының заңдылығы мен негізділігіне құқықтық баға беруді сұрап, Бас прокуратураға тиісті өтініш жолдаған.

Amir Capital компаниясының өзі 2017 жылы құрылған. Компания криптовалюта биржаларындағы трейдингке инвестициялау мақсатында салымшылардың қаражатын тартқан, алайда 2023 жылы төлемдерді тоқтатқан. Соның салдарынан, 2024 жылы компания басшысы Мынбаев М.А. қайтыс болғаннан кейін, салымшылар құқық қорғау органдарына жүгінген.

Аталған іс бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру 2024 жылғы 9 сәуірден 2026 жылғы 27 ақпанға дейін, яғни екі жылға жуық уақыт жүргізілді. Алайда қандай да бір себептермен күдікті ретінде компанияның операциялық қызметі басталғанға дейін әлдеқайда бұрын оны тіркеуге заңгерлік қолдау көрсеткен заңгер танылды.

Ұсынылған іс материалдарын зерделеу барысында айыптау нұсқасының негізділігіне күмән келтіретін қылмыстық процестік заңнаманың елеулі бұзушылықтары анықталды. Тергеу органы осы уақытқа дейін қылмыс оқиғасының өзін (қаржы пирамидасын құру фактісін) анықтамаған. Іс материалдарында Amir Capital компаниясының қызметіне кешенді экономикалық сараптама жүргізілмегендіктен, келтірілген залалдың нақты мөлшері айқындалмаған және салымшыларды тікелей тартумен айналысқан тұлғалардың әрекеттеріне құқықтық баға берілмеген.

Сонымен қатар, Рүстемовтің әрекеттерінде қылмыс құрамының бар екендігін растайтын деректер де анықталмаған. Іс материалдарында оның экономикалық мүддесінің болғаны, компания активтері мен банктік шоттарын бақылағаны туралы қандай да бір мәліметтер жоқ.

Тергеу органдары қорғау тарапы ұсынған екі жүзге жуық куәнің айғақтарын назардан тыс қалдырған. Оның орнына айыптау бірнеше өзге күдіктінің, өз жауапкершілігінен жалтарып, "негізгі айыпталушыны" табуға мүдделі болған тұлғалардың сөздеріне ғана негізделген. Бұл ретте олардың мәлімдемелерін растайтын объективті дәлелдемелер іс материалдарында жоқ.

Соған қарамастан, тергеу органы Рүстемовті қамауға алып, оған қатысты бұлтартпау шарасы ретінде тергеу изоляторында ұстауды қолданған. Бұл шешім формалды түрде тағылған айыптың ауырлығына және оның тергеуден немесе соттан жасырынуы мүмкін деген қауіпке негізделгенімен, қылмыс оқиғасы мен Рүстемовтің әрекеттерінде қылмыс құрамының бар екендігін растайтын нақты дәлелдердің ешқайсысы келтірілмеген.

Бұған қоса, ұзақ уақыт бойы заңгер іс бойынша куә мәртебесінде болып, тергеушінің әрбір шақыруы бойынша уақтылы келіп жүрген. Алайда ол сотқа дейінгі тергеп-тексеру аяқталуға жақын қалған кезеңде ғана ұсталып, соның салдарынан өз құқықтарын толық көлемде қорғау мүмкіндігінен айырылған. Атап айтқанда, оған қосымша жауаптар беру және беттестірулерге қатысу мүмкіндігі берілмеген.

Бұл күтпеген қамауға алу Рүстемовтің жәбірленушілердің өтініші бойынша өз бастамасымен жүргізіп жатқан тәуелсіз зерттеуін де тоқтатты. Ол Amir Capital компаниясына тиесілі криптоактивтерді анықтап, олардың қозғалысын қадағалап үлгерген. Алайда қазіргі уақытта сарапшы тергеу изоляторында отырған кезде, белгісіз тұлғалар компанияның криптокошельктерінен қаражатты шығаруды жалғастырып жатқаны айтылуда.

Қысым көрсету тетіктерінің бірі ретінде Рүстемовке Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 423-бабы (сотқа дейінгі тергеп-тексеру деректерін жария ету) бойынша да айып тағылған. Бұған оның Қаржылық мониторинг агенттігінің ресми ашық баспасөз хабарламасына сүйене отырып, өзімен жасалған шарт негізінде қаражаттарын қайтару бойынша мүдделерін қорғаған инвестор-клиенттеріне тінту барысында техникасының тәркіленуіне байланысты қызметін жалғастыра алмайтынын хабарлағаны себеп болған.

Сонымен бірге, кәсіпкер қамауға алынғанға дейін Алматы қаласының прокуратурасына бірнеше рет шағым жолдаған. Бұл әрекеттер Қазақстан Республикасы Қылмыстық-процестік кодексінің 201-бабында көзделген ерекшелікке жатады және мұндай жағдайда сотқа дейінгі тергеп-тексеру деректерін жария еткені үшін қылмыстық жауаптылық қолданылмайды.

Бизнес-омбудсменнің пікірінше, Е. Рүстемовтің кінәсі дәлелденбеген және іс бойынша көптеген процестік заң бұзушылықтар орын алған жағдайда оны тергеу изоляторында ұстау толықтай негізсіз болып табылады. Мұндай жағдай Қазақстандағы кәсіби қызмет көрсету нарығы үшін қауіпті құқықтық прецедент қалыптастыруы мүмкін.

Осыған байланысты Бизнес-омбудсмен Қанат Нұров Қазақстан Республикасының Бас прокурорына жүгініп, компанияны тіркеу бойынша заңды түрде көрсетілген заңгерлік консультацияларды қаржы пирамидасын құру және оған басшылық ету ретінде бағалауға тырысқан тергеу органдарының әрекеттеріне қағидатты құқықтық баға беруді сұрады.

Бизнес-омбудсмен Бас прокуратура басшысынан қылмыстық қудалаудың заңдылығы мен негізділігін тексеруді, іс бойынша дәлелдемелердің жан-жақты және толық зерттелгеніне құқықтық баға беруді, сондай-ақ Е. Рүстемовке қатысты бұлтартпау шарасын қамауда ұстаудан үйқамаққа дереу өзгертуді сұрайды.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу