Көптеген мемлекет сабақ үстінде смартфон қолдануға шектеу қойған – депутат

388

АҚШ пен Еуропадағы мектептер дәстүрлі жазбаша және ауызша емтихандарға біртіндеп қайта оралып жатыр.

Көптеген мемлекет сабақ үстінде смартфон қолдануға шектеу қойған – депутат Фото: instagram.com/aimagambetov

Жасанды интеллект дәуірінде смартфондарға шектеу енгізу, академиялық адалдықты күшейту аса маңызды. Бұл туралы Мәжіліс депутаты Асхат Аймағамбетов айтты, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

"The Economist журналының жаңа санында АҚШ пен Еуропадағы мектептер мен университеттердің дәстүрлі жазбаша және ауызша емтихандарға біртіндеп қайта оралып жатқаны айтылған. Себебі белгілі. ChatGPT секілді цифрлық құралдардың пайда болуы білім алушылардың білім деңгейіне объективті түрде баға беруді қиындатып, зейіннің шашырауы мен назарының басқа нәрсеге аударылуы мәселесін күшейтті. Көптеген мемлекетте сабақ барысында смартфондар мен ноутбуктерді қолдануға шектеу қойылып,  жазу, оқу, ауызша сөйлеу және сыни ойлау секілді дәстүрлі дағдылар қайта дамытылып жатыр", – деп жазды депутат өзінің Telegram арнасында.

Асхат Аймағамбетовтің сөзінше, мұғалімдер мен ата-аналар цифрлық шудың дәуірінде сапалы білімді тыныш, алаңдатпайтын ортада ғана алуға болады деген пайымға келген.

"Зерттеулер бір қызық трендті көрсетті. Ауқатты әрі білімді отбасылардан шыққан балалар (смартфонды) аз пайдаланады, ал латынамерикалық және афроамерикалық оқушылардың арасында оның қолданылуы айтарлықтай жоғары. ChatGPT мен Gemini сияқты жасанды интеллект дәуірінде смартфондарға шектеу енгізу, академиялық адалдықты күшейту, жазу, оқу, ауызша сөйлеу және сыни ойлау сияқты дәстүрлі дағдыларды дамыту аса маңызды", – деп атап өтті мәжілісмен.

Айта кету керек, бұған дейін Асхат Аймағамбетов мектептерде телефонға тыйым салудың оң жақтарын атағанын жазғанбыз.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу