Қостанайда кәсіпорын шенеуніктермен сыбайласып, 3 млрд теңге субсидия жымқырған

333

Қылмыстық схемаға 49 адам тартылған, оның 13 — ұйымдасқан топтың мүшелері. 

Қостанайда кәсіпорын шенеуніктермен сыбайласып, 3 млрд теңге субсидия жымқырған Фото: видео скриншот

Қаржы мониторингі агенттігі Қостанай облысында BEEF EXPORT GROUP ЖШС ет өңдеу кәсіпорны директорының басшылығы ұйымдастырған қылмыстық топқа қатысты тергеуді аяқтады, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Аталған адамдар ұзақ уақыт бойы ҚР агроөнеркәсіп кешенін дамыту ұлттық жобасы шеңберінде мемлекет субсидия ретінде бөлген бюджет қаражатын ұрлаумен айналысып, мемлекетке 3 млрд теңгеден астам шығын келтірген.

Тергеу барысында күдіктілерден 107 млн теңге өтеліп, 3,1 млрд теңге мүлкіне тыйым салынды.

Қылмыстық схемаға 49 адам тартылған, оның 13 — ұйымдасқан топтың мүшелері.

Оларға субсидия жымқыру, салық төлеуден жалтару, заңсыз кәсіпкерлік қызмет, қылмыстық жолмен алынған мүлікті заңдастыру, лауазымды тұлғаларға пара беру және құжаттарды қолдан жасау секілді бірнеше айып тағылған. 

Ұйымдасқан топтың басшысы өз бақылауындағы компанияның қызметіне салықтық тексеру жүргізген мемлекеттік қызметшіге зорлық-зомбылық жасады деп күдікке ілініп отыр. 

Сондай-ақ, Қостанай, Ақтөбе, Солтүстік Қазақстан, Павлодар және Батыс Қазақстан облыстарының 30 шаруа қожалықтың басшылары мен өкілдері іс бойынша күдікті деп танылды.

Бұдан басқа, сотқа дейінгі тергеу шеңберінде Қостанай облысы әкімдігінің ауыл шаруашылығы басқармасының 3 лауазымды тұлғасына ақша ұрлауға және пара алуға жәрдемдесті деген айып тағылды. 

7 ветеринар дәрігерге құжаттарды қолдан жасағаны, ақпараттық жүйеге көрінеу жалған ақпарат енгізгені, сондай-ақ заңсыз сыйақылар алғаны үшін айып тағылды.

Қазіргі уақытта тараптар қылмыстық іс материалдарымен танысып жатыр. 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу