Қоянды ауылында су тасқынына қарсы жұмыстар жалғасып жатыр

265

Астана іргесіндегі Целиноград ауданы Қоянды ауылында су тасқынына қарсы жұмыстар үздіксіз жалғасуда.  

Қоянды ауылында су тасқынына қарсы жұмыстар жалғасып жатыр Фото: gov.kz

Бұл туралы Ақмола облысының баспасөз қызметі хабарлады, деп жазады inbusiness.kz сайты.

"27 наурыз сағат 06:00 жағдай бойынша 80 мың текше метр еріген су тартылды. Ақмола облысы мен Астана қаласы ТЖД және ЖАО 17 бірлік техникасы, 76 адамы және 18 мотопомпасы жұмылдырылды. Жағдай қалыпты", – деді Ақмола облысы ТЖД бастығының міндетін уақытша атқарушы Қанат Доспаев.

Ақмола облысында автомобиль жолдарындағы су тасқынына қарсы іс-шаралар белсенді жүргізілуде.

Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының ақпараты бойынша, жол қызметтерінің мамандары жолдар мен жүріс бөліктерін кір, лай және қарды қоса алғанда, әртүрлі шөгінділерден ұқыпты және жедел тазалайды, сондай-ақ, жаңбыр суын және дренаж жүйелерін ластанудан және жинақталған ылғалдан тазарту арқылы су өткізгіштердің өткізгіштігін қамтамасыз етеді. Республикалық және облыстық маңызы бар трассаларда қозғалыс шектеулері жоқ. Қазіргі таңда қардың  еруі әсіресе өңірлерде ең қарқынды жүріп жатыр.

Маңызды аспект - көктемгі су тасқыны кезінде жол бойында толып кету немесе жер төсемін су басу мүмкін болатын 27 су тасқыны қауіпті учаскелерді анықтау.

"Бүгінгі таңда мамандандырылған мердігерлік ұйымдар 132 бірлік техниканы қолдана отырып, су өткізу құрылғыларын қардан тазарту жұмыстарын жүргізуде. Осының арқасында 800-ден астам су өткізгіштер мен көптеген көпірлер тазартылды. Жұмыстарды ағымдағы айдың соңына дейін аяқтау жоспарлануда", - деп атап өтті ведомство өкілдері.

Су тасқыны қаупі төнген кезеңде тәулік бойы патрульдеу, кезекшілік, сондай-ақ қардың еруі мен судың ағу процесін ұдайы бақылау ұйымдастырылады.

Айта кетейік, облыстық маңызы бар автомобиль жолдарының жалпы ұзындығы 2661 км құрайды, онда 50-ге жуық көпір және 1100-ден аса су өткізу құрылғылары орналасқан.

Ақмола облысының әкімі мен ТЖМ басшысы ағымдағы жылғы 26 наурызда су тасқыны қауіпті учаскелерді тексерген болатын. 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу