Күләш Шәмшидинова: Білім беру саласында 500 мың адамның жалақысы өседі

1691

Қазіргі уақытта БҒМ мен еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі бірлесіп, қызметкерлердің санаттарын және жалақысын арттыру көлемін нақты анықтау жұмыстарын жүргізіп жатыр.

Күләш Шәмшидинова: Білім беру саласында 500 мың адамның жалақысы өседі

Білім беру саласындағы жалақысы төмен қызметкерлердің еңбек ақысын 30%-ға дейін ұлғайту сараланған түрде жүзеге асатын болады. Бұл туралы Асқар Маминнің төрағалығымен өткен үкімет отырысында БҒМ басшысы Күләш Шәмшидинова айтты, деп хабарлайды primeminister.kz.

"Білім беру саласында 500 мың адамның жалақысы өседі. Олардың қатарында мектепке дейінгі ұйымдар мен интернаттардың тәрбиешілері мен олардың көмекшілері, әдіскерлер, әлеуметтік педагогтар, балабақшалар мен колледждердің психологтары, қосымша білім беру ұйымдарының қызметкерлері, кітапханашылар, тәлімгерлер, бухгалтерлер, іс жүргізушілер, жинап тазалаушылар, аула тазартушылар, күзетшілер, пеш жағушылар, сантехниктер мен электриктер және т.б. бар", – деді білім және ғылым министрі.

Қазіргі уақытта білім және ғылым министрлігі еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігімен бірлесіп, қызметкерлердің санаттарын және жалақысын арттыру көлемін нақты анықтау жұмыстарын жүргізіп жатыр.

Сонымен қатар, білім беру сапасын арттыру мақсатында, 2019–2021 жылдар аралығында жаңартылған мазмұн бойынша 144 мың мұғалім, 82 мың сынып жетекшілері мен психологтар, 15,5 колледж мамандары мен 2,4 мың ЖОО оқытушылары қайта даярлау курстарынан өтеді. Қазіргі таңда тілдік курстардан өткен 11 423 жаратылыстану пәндерінің мұғалімдері 764 мектепте сабақ беріп жүр.

"2020 жылдан бастап аталған курстарға қарастырылған қаржы жоғары оқу орындарында ағылшын тілінде сабақ беретін мұғалімдер дайындауға жұмсалатын болады. Бұл орайда ЖОО-лардың түлектерінің жұмысқа орналасу деңгейі ескеріледі. Осы жылдан бастап мектептерге тіл меңгерген ЖОО түлектері келе бастайды", – деді білім және ғылым министрі.

Сонымен қатар, мектеп құрылысы мен күрделі жөндеуден өткізуді қаржыландырудың жаңа әдістемесі енгізіледі.  Бұдан өзге, 20 ілгері жоғары оқу орыны мен 180 заманауи коллеж анықталады. Бұл үшін еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігімен бірлесіп 100 басым мамандық пен білім беру ұйымдарын анықтаудың негізгі критерийлері белгіленеді.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу