"Күтпеген жағдай болды": Қызметінен кеткен Қамшыбек Тәшиев Германиядан мәлімдеме жасады

863

Ол өз міндетін адал атқарғанын жеткізді. 

"Күтпеген жағдай болды": Қызметінен кеткен Қамшыбек Тәшиев Германиядан мәлімдеме жасады Фото: Азия Плюс

Қырғызстан Ұлттық қауіпсіздік мемлекеттік комитетінің төрағасы болған Қамшыбек Тәшиев мәлімдеме жасады, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты жергілікті БАҚ-қа сілтеме жасап. 

Күні кеше Қырғызстан Ұлттық қауіпсіздік мемлекеттік комитетінің төрағасы Қамшыбек Тәшиев қызметінен босатылғанын жазғанбыз. Тәшиевтің үндеуін оның жақтасы, президенттің бұрынғы баспасөз хатшысы Нұрғазы Анарқұлов әлеуметтік желіде жариялады. 

"Құрметті отандастар! Мен сіздерге елден жырақта жүріп үндеу жасауға мәжбүрмін. Денсаулығыма байланысты отадан кейін тексеруден өту үшін президенттің рұқсатымен Германияға бардым. Бірақ та, кеше күтпеген жағдай болды. Мен Ұлттық қауіпсіздік мемлекеттік комитетінің төрағасы қызметінен босатылдым. Болған жағдайға қарамастан, Отанымыздың игілігі үшін президенттің шешімін құрметтеп, оған бағынуға тиіспіз", – делінген үндеуде.

Қамшыбек Тәшиев елі мен халқының алдында өз міндетін адал атқарғанын жеткізді.

"Әріптестерім мен қарамағымда жұмыс істеген қызметкерлерден кету маған да оңай емес, олардың әрқайсысы да алғысқа лайық. Бір өкініштісі, жеке құраммен қоштаса алмадым. Ұлттық қауіпсіздік мемлекеттік комитетінің барлық қызметкеріне алдағы жұмыстарына табыс пен амандық тілеймін! Мемлекеттің тыныштығы мен тұрақтылығын сақтау үшін заң мен құқықтық тәртіпті бұзуға болмайды. Барлық іс-әрекетіміз заң аясында болады", – деді ол.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу