Қызылорда облысында Invest Caravan жобасы аясында жалпы құны 104,1 млрд теңгені құрайтын екі ірі өнеркәсіптік нысанның құрылысына капсула салу рәсімі өтті, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Іс-шараға облыс прокуроры Ризабек Ожаров пен өңір әкімі Мұрат Ергешбаев қатысты.
Салтанатты рәсім барысында испаниялық инвестор "Рока Қазақстан" ЖШС-нің санитарлық-техникалық жабдықтар өндіретін жобасы және отандық "Seven Rivers Technologies" ЖШС-нің неміс технологияларын пайдалана отырып шыны ыдыстар шығаратын зауыт салу жобасы іске қосылды.
Кәсіпорындарды пайдалануға беру 2028 жылға жоспарланған. Жобалар толық жүзеге асқан жағдайда 650 жаңа жұмыс орны ашылады деп күтілуде.
Бұл жобалар инвесторларды қолдау, туындайтын мәселелерді жедел шешу және қолайлы инвестициялық ахуал қалыптастыру мақсатында жүзеге асырылып жатқан Invest Caravan бастамасы аясында сүйемелденуде.
Жаңа өндіріс орындарының іске қосылуы Қызылорда облысының өнеркәсіптік әлеуетін арттырып, өңірдің инвестициялық тартымдылығын күшейтуге ықпал етпек.
Invest Caravan аясындағы жұмыстар жалғасады. Алдағы уақытта бизнес пен инвестициялық жобалардың дамуына кедергі келтіретін мәселелерді қарастыру үшін облыс аудандарына шығу жоспарланып отыр.