Ішкі істер министрі Ержан Сәденов депутаттардың сауалына берген жауабында пранк жасаушылармен күрес қалай жүргізіліп жатқанын мәлімдеді, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Белгілі болғандай, интернет-кеңістікте азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге және ақпараттық-коммуникациялық технологияларды пайдалана отырып, құқыққа қайшы іс-қимылдар профилактикасына бағытталған іс-шаралар кешені тұрақты негізде жүзеге асырылады.
"Осы жылдың басынан бастап учаскелік инспекторлар тұрғындармен 20,3 мыңнан астам есеп беру кездесулерін өткізді, оның барысында халыққа қоғамдық орындарда құқыққа қайшы мінез-құлық жасағаны үшін жауапкершілігі туралы ақпарат жеткізілді. Барлығы 505 мыңнан астам азамат қатысты", – делінген министрдің жауабында.
Ішкі істер органдарының бөлімшелері қоғамдық тәртіп пен мораль нормаларын бұзумен байланысты құқық бұзушылықтардың алдын алуға бағытталған профилактикалық іс-шараларды жүйелі түрде жүргізетіні де айтылған.
"Осы жылдың басынан бастап ұсақ бұзақылық үшін (ӘҚБтК-нің 434- бабы) 22 мыңнан астам адам әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Мысалы, қараша айында интернет желісінде әдепсіз сөз сөйлегені үшін сот шешімімен "Мотиватор" деп аталатын блогер 15 тәулікке әкімшілік жауапкершілікке тартылды, лифтіде "мәйітті" қойып, балтамен шабуыл жасаған басқа да блогерлер ұсақ бұзақылық бойынша жауапқа тартылып, 15-30 тәулік мерзімге қамауға алынды. Қолданыстағы заңнамаға сәйкес құқыққа қайшы контент тарататын немесе Интернет желісі арқылы құқық бұзушылық жасайтын адамдарға қатысты жауапкершілік шаралары қолданылады", – деді Ержан Сәденов.
Министрдің жауабына сәйкес, құқыққа қайшы мазмұндағы 100,8 мыңнан астам шетелдік интернет- ресурс анықталды. Бүгінгі күні бұл ресурстардың 28 554-і бұғатталған.
Айта кету керек, бұған дейін Нартай Сәрсенғалиев блогерсымақтарды жауапқа тартуды ұсынғанын жазғанбыз.