МӘМС тарифінің аздығынан мүгедек балаларды оңалту орталығы жабылады

417

Қостанайда мүгедек балаларды оңалту орталығы қаржы тапшылығы салдарынан жаңа жылдан бастап жабылады.

МӘМС тарифінің аздығынан мүгедек балаларды оңалту орталығы жабылады Фото: yaizakon.com

Мұны естіген ата-аналардан маза кетті. Сырқат жандарға тегін қолдау көрсетіп отырған өңірдегі маңдайалды орталық жекеменшік ұйымның иелігінде, деп хабарлайды Inbusiness.kz сайты.

Оның басшысы: "Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандырудан бөлінетін қаржы шығынды жаппайтын болған соң осындай әрекетке баруға мәжбүрміз", дейді.  Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният тариф өседі, ауруханалар мәселесі шешіледі деп еді. Не себепті қызмет көрсету ақысы көтерілсе де бөлімшелер жабылмақшы?

Жекемншік Темір Жол ауруханасының оңалту орталығының мамандары цебералды параличпен науқас бүлдіршіндерді үш жылда аяққа тұрғызған. Кейбір еңбектей де алмаған балғындар сөйлеп, ойнап, жүгіріп жүр. Мұнда өңірдің әр түкпірінен келген кішкентай пациенттер жылына төрт рет  ем дом қабылдайды.

"Аудандарда мұндай оңалту орталығы жоқ. Осында қымбат диспорт инъекциясын алу үшін келеміз. Бұл инемен егілетін дәрі церебалдық параличпен науқас баламның қатып қалған бұлшық еттерін босаңсыту үшін қажет. Билік өкілдері балалардың өміріне өте маңызды орталықтың жабылуына жол бермейді деп ойлаймын", - дейді Қарабалық ауданының тұрғыны Айнұр Нұрғалиева.

45 орынға шақталған орталықта төрт жылда 1600-ден астам балғын ем алған. Қаржы жекеменшік ауруханаға МӘМС жүйесі арқылы төленеді. Жыл сайын дәрі дәрмек, құрылғылар мен азық-түлік бағасы қымбаттап, медициналық мамандардың жалақысы өсуде. Ал, МӘМС-тен төленетін қызмет көрсету тарифы шығындарды жаппайды. Осыған орай, елімізде ауруханалар 18 млрд теңге қарызға батып, кейбір бөлімшелер жабылып жатыр. Министр ханым бұл мәселені шешу жолдарын іздестірудеміз деген.

"Келесі жылдан бастап біздің төлейтін әрбір адамның басына шаққанда тарифті өсіру жоспарланып отыр. Сондықтан біз бұл мәселені білеміз, бірге шешуге тырысып жатырмыз", - деді ҚР Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният.

Темір Жол ауруханасы да тарифтің өсуін асыға күтіп, шыдап жүрген. Алайда, қызмет көрсету ақысы 2024 жылы небәрі бес ақ пайызға өсетін болыпты.

"Бәріміз тарифтің өсуін күттік. Бізге жіберген жоба бойынша қызмет көрсету ақысы жүз пайызға көтеріледі деген. Бірақ бұл жоба қабылданбады. Қазір бір балаға тәулігіне 12 200 теңге төленеді. Ал, 2024 жылы 12 704 теңге берілмекші. Яғни, тариф небәрі 500 теңге ғана өсті. Мұндай тарифпен жұмыс істей алмаймыз. Сондықтан оңалту бөлімін жабуға мәжбүрміз", - дейді Темір жол ауруханасының директоры Асхат Оспанов.

Денсаулық сақтау министрлігінің ішкі сырына жақсы қанық Олжас Әбішевтің айтуынша, бүгінде халыққа тегін медициналық қызмет көрсетудің 50-55 пайызын жекеменшік емхана мен ауруханалар атқарады. Сондықтан МӘМС жүйесі бойынша тарифті бекітерде жекеменшік ұйымдардың басын қосып, қызмет көрсету ақысын жан-жақты талқылау керек еді. Жалпы, Денсаулық сақтау саласына қаржы бөлінгенде ел ішіндегі нақты жағдайлар ескерілмейді, сараптама жасалмайды, дейді экс вице министр.

"Денсаулық сақтау саласына 2024 жылы 2,8 трлн бөлеміз деп қазір жариялап отыр. Ал, шын мәнінде осы салаға 2,8 трлн жеткілікті ме, жеткіліксіз бе, оған қазір ешкім жауап бере аламайды. Себебі бұл бюджетті құрған кезде медициналық мекемелерді ешкім шақырған жоқ. Олардың ойларын ешкім сұраған жоқ", - дейді ҚР Денсаулық сақтау министрінің экс орынбасары Олжас Әбішев.

Ал, жергілікті облыстық денсаулық сақтау басқармасы аймақтағы барлық медициналық қызмет көрсетудің үйлестірушісі болуы тиіс. Бірақ, бұл мекеме өңірдегі жекеменшік ұйымдардың немен айналысып жатқанынан хабарсыз.

"Оны сізге айта алмаймыз, жекеменшіктерді фарм контроль басқарады. Солар тексереді, қарайды. Бізге олардың ешқандай қатысы жоқ. Сондықтан біз айта алмаймыз, қанша олардың мемлекеттік тапсырсы бар, әлде ақылы ма біз оны да біле алмаймыз. Фомс қана біледі", - дейді Облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Қуат Әлмағамбетов.

Басқарма басшылары темір жол ауруханасының оңалту орталығы жабылатынын тілшілерден естіп, шұғыл шаралар қабылдаған. Облыстық балалар ауруханасының оңалту орталығындағы жатын орын санын 30-дан 60-қа көбейтпейтін болды. Ал, жекеменшік орталық қаржы тапшылығына орай жабылып тынады.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу