"Мектеп – полиция емес": Асхат Аймағамбетов барлық жүктеме мұғалімге түсіп отырғанын айтты

505

Әлеуметтік педагог пен психолог проблемасын шешу ұсынылды. 

"Мектеп – полиция емес": Асхат Аймағамбетов барлық жүктеме мұғалімге түсіп отырғанын айтты Фото: instagram.com/aimagambetov

Мәжіліс депутаты Асхат Аймағамбетов жасөспірімдер арасындағы буллинг, күш көрсету, бейәдеп мінез-құлықтың таралуы шынайы қауіпке айналғанын айтты, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

"Көп жылдар бойы мектептерде ювеналды полиция инспекторлары жұмыс істейтінін барлығымыз жақсы білеміз. Олар балалармен, ата-аналармен, тәуекел тобындағы жасөспірімдермен жеке жұмыс істейтін, құқықбұзушылықтың алдын алатын. Алайда соңғы жылдары бұл мамандар мектептен алынып тасталды. Нәтижесінде барлық жүктеме бүгін мұғалімге түсіп отыр. Бірақ мектеп – полиция емес, ал мұғалім құқық қорғау қызметкері емес екенін барлығымыз білеміз. Бүгінгі ахуал не көрсетіп отыр? Жасөспірімдер арасындағы буллинг, күш көрсету, бейәдеп мінез-құлық, тіпті ұрлық сияқты ұғымдардың таралуы шынайы қауіпке айналып отыр", – деді депутат.

Оның айтуынша, мәселенің артында әлеуметтік желілердің ғана емес, ювеналды полиция жүйесінің әлсіреуі тұр.

"Ювеналды инспекторлар мектепке қайтып оралуы қажет. Тағы бір мәселе – мектеп психологтарының жетіспеушілігі. Бүгінде бір психологқа 800-1000 оқушыға дейін келеді. Халықаралық норма бойынша ең көбі 300 оқушы. Осы мәселені шешпейінше, алдын алу жұмысын тиімді деп айту әрине қиын. Біріншіден, бізге ювеналды инспекторларды мектепке тұрақты негізде қайта енгізуіміз керек. Екіншіден, "мектеп – полиция – білім бөлімдері" арасында нақты бірлескен регламент пен жауапкершілік жүйесін бекітуіміз керек. Үшіншіден, әлеуметтік педагог пен психолог проблемасын шешу керек", – деп атап өтті Асхат Аймағамбетов.

Айта кету керек, бұған дейін Мәжіліске жаңа депутат келгенін жазған едік.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу