Мемлекеттік тілге қатысты құр сөзден ештеңе шықпайды – Президент

366

Қазақ тіліне деген сұраныс жыл өткен сайын артып келеді.

Мемлекеттік тілге қатысты құр сөзден ештеңе шықпайды – Президент Фото: Ақорда

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Атырауда өтіп жатқан Ұлттық құрылтайдың үшінші отырысында мемлекеттік тіл мәселесін көтерді, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

"Тіліміздің қолдану аясын кеңейте түсу мемлекеттік саясаттың басты бағыты болып қала береді. Бұл – біз үшін мызғымас ұстаным. Елімізде қазақ тіліне деген сұраныс жыл өткен сайын артып келеді. Қазақ тілі бизнестің, ғылым мен техниканың тіліне айнала бастады. Бұл үрдісті одан әрі дамытудың ең тиімді әрі төте жолы – ағартушылық. Қазір ірі кітап дүкендерінде қазақ тіліндегі туындылардың үлесі арта түсті. Соңғы кезде баспагерлердің жаңа буыны әлемдік бестселлерге айналған шығармаларды аударып жүр. Көптеген кітаптарды шығарып жатыр. Аударылған кітаптардың ішінде көркем әдебиет қана емес, іскерлік бағыттағы туындылар да көп", - деді Президент. 

Мемлекеттік саясаттың мәні – осында, деп жалғастырды ол.

"Ешкімді мәжбүрлемей, күнделікті өмірдегі қажеттілікті арттыру арқылы тіліміздің тұғырын нығайта береміз. Мемлекеттік тілге қатысты құр сөзден ештеңе шықпайды. Ең бастысы, нақты іс болуы керек", - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысы халықаралық "Қазақ тілі қоғамының" жұмысын атап өтті.

"Қазір Ұлттық Құрылтайдың мүшесі Рауан Кенжеханұлы бастаған жаңа буын өкілдері ұйым тізгінін қолға алды. Мен қоғамның "Qazaq tili" эндаумент қорын құру туралы ұсынысын қолдадым. Осы жақсы бастаманы қолында қаржысы бар азаматтар жалғастырып әкетті. Тілімізге қамқорлық танытқан жандарға ерекше ризашылығымды білдіремін. Қалталы, жанашыр азаматтар қорды ұлғайтуға үлес қосады деп сенемін. Мен экономиканы дамыту үшін "Креативті индустрияның" мән-маңызы зор екенін үнемі айтып жүрмін. Бұл мемлекеттік тілдің болашағы үшін де өте маңызды. Қазақ тілін дамытамыз десек, қазіргі заманғы әдіс-тәсілдерді барынша тиімді пайдаланған дұрыс", - деді Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу