Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев мұғалімдерді міндетіне жатпайтын жұмыстарға тартуды тоқтату керек екенін айтты, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Бұған дейін Қостанай әкімі мұғалімдерді су айдындарын тексеруге атсалысуын ұсынғанын жазған едік. Министр осы мәселеге қатысты пікір білдірді.
"Сіздер менің ұстанымымды білесіздер. Мұғалім ұстаздықпен, яғни балаға білім берумен айналысуы керек. Бұған нүкте қойылуы қажет. Бұл заңмен де бекітілген мәселе. Сондықтан кейбір әкімдіктердің заңды аттап өтіп, мұғалімдерді міндетіне жатпайтын жұмыстарға тартуды тоқтату керегін бірнеше рет айттым", – деді ведомство басшысы Мәжіліс кулуарында.
Ғани Бейсембаев осы мәселеге қатысты Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің ұстанымы да жария болғанын тілге тиек етті.
"Енді әкімдіктер осы ұстанымдарды және заңды толыққанды орындауды қолға алуы керек. Заңды бұзуды тоқтату керек", – деп атап өтті министр.