Министрліктің "Агрохолдинг Ақсудағы" қалыптасқан жағдайға қатысты ұстанымы қандай

643

Ауыл шаруашылығы министрлігі мәлімдеме жасады.

Министрліктің "Агрохолдинг Ақсудағы" қалыптасқан жағдайға қатысты ұстанымы қандай

Ауыл шаруашылығы министрлігі "Агрохолдинг Ақсу" ЖШС қызметкерлері мен қоғамдық белсенділердің аталған компания иелерінің кінәсінен қалыптасқан жағдайға қатысты наразылығын қолдайды. Сондай-ақ ауыл шаруашылығы жануарларына зиян келтіретін, яғни бүкіл салаға тұтастай залал келтіретін осындай жауапсыз шаруашылық жүргізуді үзілді-кесілді қабылдамайтынын мәлімдеді, деп жазады inbusiness.kz

Ведомствоның мәлімдемесі төмендегідей:

"Агрохолдинг Ақсу" ЖШС 2011 жылы Ақсу ауданының Қызылағаш ауылында құрылған. Компания құны 4,9 млрд теңге болатын, 1 300 басқа арналған сүт-тауар фермасын салу бойынша инвестициялық жобаны жүзеге асырып жатыр. Қазіргі уақытта шаруашылық 2,7 млрд теңге инвестиция салды, оның ішінде 800 млн теңгесі "Аграрлық несие корпорациясы" АҚ-дан алған қарыз қаражаты.

Жетісу облысы Ауыл шаруашылығы басқармасының ақпараты бойынша, 2021 жылы фермаға Даниядан "Джерси" тұқымды 617 бас ІҚМ әкелінді, қазіргі уақытта төлмен бірге олардың саны 847 басқа дейін артты.

Фермер шаруашылығы мемлекеттің қолдауына ие болды. 2022 жылы "Агрохолдинг Ақсу" 125 бас асыл тұқымды аналық мал сатып алуға субсидия ретінде 50 млн теңге алды.

Сонымен қатар, "Атамекен" ҰКП қатысатын комиссия компанияның сүт өндірісінің құнын субсидиялауға арналған өтінімін кері қайтарып алды, өйткені тексеру кезінде нысан пайдалануға берілмеген.

2020 жылы "ҚазАгроҚаржы" АҚ арқылы фермер қожалығы 269,2 млн теңгеге 5 бірлік ауыл шаруашылығы техникасын сатып алуға жеңілдікті лизинг алды, ол бойынша сыйақы мөлшерлемесі бюджет есебінен 36,4 млн теңге сомасында өтелді. Бұған қоса, 2021 жылы айналым қаражатын толықтыруға компания "Аграрлық несие корпорациясы" АҚ арқылы 80 млн теңге сомасына жеңілдікті несие алды.

"Агрохолдинг Ақсу" ЖШС-нің ұзақ мерзімді жалға алған 1870 га суармалы егістігі бар. 

Компания иелерінің ақпараты бойынша, биыл олар 1 262 га жерге ауыл шаруашылығы дақылдарын, оның ішінде люцерна, жүгері және бидай еккен.  3 800 орам люцерна алынды, оның 1 775 орамы мал азығына арналған. 

11.03.2022 жылы Ақсу ветеринариялық аумақтық инспекциясына жануарларды дұрыс ұстау, азықтандыру және гигиеналық талаптарды сақтау туралы ұсыныс хат берілді. Бұдан бөлек, 06.06.2022 жылы жануарлардың қоректендірілмеуі, азық жетіспеушілігі,  жемшөп сапасының төмендігі және жануарларды ұстау орнын уақтылы тазаламауға қатысты ескерту жасалып, сондай-ақ оларға тиісті күтім жасау қажеттілігі туралы хат жолданды.

Сонымен қатар,  бүгінгі күні "Агрохолдинг Ақсу" ЖШС-нің 36 млн теңге салық берешегі бар.  Алматы облысының Мемлекеттік кірістер департаменті 2022 жылғы 13 маусымда серіктестіктің банктік шоттары бойынша барлық шығыс операцияларын тоқтатты.

Осыған байланысты компания өз жұмысшыларының жалақысын уақытында төлемеді және қажетті жем-шөп сатып ала алмады.

Алайда, қазіргі уақытта компанияның банктік шоттарындағы бұғат алынды. Жалпы сомасы 10 млн теңгеге 80 жұмысшының маусым және шілде айларындағы жалақысы бойынша берешегі өтелді. Тамыз айының жалақысын осы жылдың 10 қыркүйегіне дейін төлеу жоспарланып отыр. Сондай-ақ, мал азығына 50 тонна бидай мен арпа сатып алынып жатыр.

Айта кетсек, салаға жауапты ведомствоның бұлай ұстанымын білдіруге БАҚ-та таралған ақпараттар негіз болған. Дәл осы шаруашылықта мал аш тұрғаны туралы ақпарат тараған болатын.

Фото: time.kz

 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу