Іс Жамбыл облысының Сарысу аудандық сотында қаралды, деп жазады inbusiness.kz сайты.
2025 жылдың қазан айында Жаңатас қаласында монша ғимаратының алдында сотталушы мен жәбірленуші арасында жанжал туындайды. Сол сәтте сотталушы қолында тұрған смартфонымен жәбірленушінің басынан ұрған.
"Сараптама қорытындысына сәйкес, жәбірленушінің миы шайқалған, бірінші дәрежелі ми контузиясы, сондай-ақ сынық түріндегі жабық ми жарақатын алған. Бұл адам өміріне қауіпті денсаулыққа ауыр зиян санатына жатады. К.-нің кінәсі тараптардың айғақтарымен және сараптама қорытындысымен расталды", – делінген сот хабарламасында.
Прокурор айыпталушыны 4 жылға бас бостандығынан айыру жазасын тағайындауды сұрады.
Сотталушы кінәсін толық мойындап, жасаған ісіне өкініш білдіріп, жәбірленушіден кешірім сұрады. Жәбірленуші оны сот залында кешірді.
Сот үкім шығарарда айыпталушының өз ісіне өкінгені, сондай-ақ жас балалардың болуын жеңілдететін мән-жайлар ретінде таныды. Ал масаң күйде қылмыс жасауды ауырлататын мән-жайға жатқызды.
Сот үкімімен сотталушы К. ҚК 106-бабының 1-бөлігі бойынша кінәлі деп танылып, оған 4 жыл бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. Жазаны орындау жас балалардың болуына байланысты 5 жылға кейінге қалдырылды.
Үкім заңды күшіне енді.