Оқу-ағарту бірінші вице-министрі Шынар Ақпарова оқушылардың үй тапсырмасын жасанды интеллект арқылы орындау үрдісіне қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Тілшілер: "Үй тапсырмаларын ЖИ-мен орындағанын анықтайтын жүйе пайда болады ма?" деп сұрады. Спикердің сөзінше, орта білім беру ұйымдарында жасанды интеллектіні қолдану бойынша жұмыс қолға алынған.
"Бұдан бөлек, қазіргі уақытта балалардың цифрлық қауіпсіздігі, олардың мұғалімдермен жұмыс жасаған кезде осы жасанды интеллектіні дұрыс қолдану бойынша Ы.Алтынсарин атындағы ұлттық білім академиясы әдістемелік нұсқаулық әзірлейді, сонымен қатар барлық білім беру ұйымдарын сүйемелдейді. Қазіргі таңда бірыңғай талап та бар. Бізде орта білім беру ұйымдарына жасанды интеллектіні енгізу жоспары әзірленді. Аталған жоспардың аясында тиісті шаралар қарастырылған", – деді Оқу-ағарту бірінші вице-министрі Шынар Ақпарова.
Журналистер "Оқушылардың ЖИ-мен үй жұмысын орындағанын қалай анықтайсыздар?" деп нақтылады.
"Жасанды интеллектімен үй жұмысын орындау болмайды. Жасанды интеллект тек қана көмекші құрал ретінде қолданылады. Яғни, бала өз бетімен жұмыс істейді. (...) Баланың ЖИ-мен жұмыс істегені белгілі болып тұрады. Бұл ретте оқушының ЖИ арқылы жұмыс орындап келуі бір бөлек, ал мектепке келген кезде кері байланыспен баланың үй тапсырмасын өзі нақты орындады ма, жоқ әлде қандай да бір көмек пайдаланды ма – оны педагог анықтай алады. Сол кезде белгілі болады. Сондықтан да қазіргі уақытта баланың өз бетінше дайындалып, жасанды интеллектіні қолданбауына әр педагог тарапынан жұмыстар жүргізіледі", – деп жауап берді ведомство өкілі.
Айта кету керек, бұған дейін Оқу-ағарту бірінші вице-министрі Шынар Ақпарова мектептерде ұялы телефонды пайдалану тәртібін түсіндіргенін жазғанбыз.