Шымкент қаласындағы мамандандырылған ауданаралық сотында Нұрай Серікбайдың өліміне қатысты іс бойынша сот үкімі шықты, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
"Өмір бойына бас бостандығынан айырылды", – деп жазды жәбірленуші тараптың адвокаты Аянхан Омаров.
Бұған дейін прокурор Шерхан Аймаханды өмір бойына соттауды сұрағанын жазған болатынбыз. Сотталушы Қылмыстық кодекстің 99-бабы 2-бөлігінің 5-тармағымен ("Аса қатыгездiкпен жасалған адам өлтіру"), 125-1-бабының 1-бөлігімен ("Некеге тұруға мәжбүрлеу") және 115-1-бабымен ("Сталкинг") айыпталды.
Сот отырысында айыптау актісін оқыған мемлекеттік айыптаушы сотталушының жәбірленушіге 35 рет пышақ сұққанын айтты.
Қайтыс болған Нұрай Серікбайдың ісі бойынша сот 21 шілдеде басталуы тиіс болғанымен, алғашқы сот отырысы кейін қалғаны айтылды. Бұл іс бойынша тергеу жұмыстары маусым айында аяқталған.
Қайғылы оқиға 11 қаңтар күні болды. Марқұмның денесі туған ауылында жер қойнына табысталды.