Стендап-комик Нұрлан Сабуровқа Ресейге кіруге тыйым салынды. Бұл туралы жергілікті БАҚ пен Телеграм арналар жазды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Желіде әуежайда түсірілген видео тарады. Жергілікті Телеграм арналарда тараған ақпаратқа сәйкес, Нұрлан Сабуров Дубайдан Мәскеудің Внуково әуежайына ұшып келген. Әртіс Ресейге кіруге тыйым салынғанын шекаралық бақылаудан өткен кезде ғана білген.
Шекара қызметкерлері оны бөлек бөлмеге апарып, ел аумағына кіруге тыйым салынғаны туралы ресми құжатты ұсынған. Осылайша стендап-комикке Ресей аумағына кіруге рұқсат берілмеді. НТВ таратқан ақпарат бойынша бұған Нұрлан Сабуровтың Украинадағы соғысқа қатысты айтқан сыни мәлімдемелері себеп болуы мүмкін.
"Риа Новости" агенттігі танымал стендаперге Ресейге кіруге 50 жылға тыйым салынды деп жазды. Агенттік құқық қорғау органдарындағы дереккөзге сілтеме жасаған. Басылым тиісті шешім "ұлттық қауіпсіздік мүддесі тұрғысынан қабылданғанын" хабарлады.
"Нұрлан Сабуров Ресейде көші-қон талаптары мен салық нормаларын елемей, табыс тапқан. 2024 жылы ол 50 миллион рубльден астам кірісін декларациялады. Оның бұл елде жалпы құны 60 миллион рубльден асатын мүлкі бар", – деп жазды ресейлік басылым.
Ал Mash Телеграм арнасы әртістің Дубайға тегін депортациялаудан бас тартқанын, оның Алматыға билет сатып алғанын жазды.