"Ойдан шығарылған сандырақ": Макрон жұбайын ер адамға теңеген тілшіні сотқа берді

580

Сотқа 218 беттен тұратын арыз келіп түсті.  

"Ойдан шығарылған сандырақ": Макрон жұбайын ер адамға теңеген тілшіні сотқа берді Фото: РИА Новости

Франция президенті Эммануэль Макрон мен оның әйелі Брижит жала жапты деген айыппен журналист Кэндис Оуэнсті сотқа берді. Тілші Францияның бірінші ханымын "ер адам" деп айтқан, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты BBC-ге сілтеме жасап.

АҚШ-тың Делавэр штатындағы сотқа 218 беттен тұратын арыз келіп түсті. Өтініште Кэндис Оуэнстің "ойдан шығарылған сандырақты" таратқаны туралы айтылған.

Америкалық журналист Кэндис Оуэнстің әлеуметтік желідегі парақшасында миллиондаған оқырманы бар. Ол Брижит Макрон бұрын жынысын ауыстырған деп бірнеше рет айтқан. Сондай-ақ "Брижитке айналу" атты бейнежазбалар сериясын шығарған.

Желіде таралған конспирологиялық теорияда Франция бірінші ханымының "Жан-Мишель Троньё деген атпен өмірге келгені" туралы айтылады. Бұл ақпарат ешқандай дәлелмен расталмаған.

Кэндис Оуэнс мұнымен қоймай Эммануэль мен Брижит Макронды туыс деп те айтқан. Сонымен қатар Макронды Франция басшысы етіп "Орталық барлау басқармасының санаға бақылау жүргізу бағдарламасы аясында сайланды" деген мәлімдемелерге жол берген.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу