Онлайн-платформалар туралы заң жобасының ішіне инфлюенсер ұғымы енгізіледі

722

Бұл туралы депутат Айдос Сарым айтты. 

Онлайн-платформалар туралы заң жобасының ішіне инфлюенсер ұғымы енгізіледі Фото: Zakon.kz

Мәжілістің жұмысына "Онлайн-платформалар және онлайн жарнамалар туралы" заң жобасы келіп түсті, деп жазады inbusiness.kz. 

Ол аталмыш құжатқа депутаттардың бастамашылық жасағанын атап өтті.

"Бұл негізінен болашақтағы Салық кодексі сияқты үлкен құжаттардың дайындығын қамтамасыз ету үшін жасалып жатқан құжат. Оның ішінде көптеген жаңа ұғымдар пайда болып жатыр. Нативті жарнама, таргеттелген жарнама, яғни нақты мақсаты бар жарнамалар деп айтайықшы – солардың бәріне баптар енгізіліп жатыр. Осының негізінде мемлекеттік органдар тиісті топтармен, мүдделі ұйымдармен жұмыс істеу мүмкіндігіне ие болады", - деді депутат Мәжіліс кулуарында.

Бұдан бөлек заң жобасына инфлюенсер ұғымы да енгізілмек.

"Инфлюенсер дегеніміз үлкен әлеуметтік қолдауға ие, сол арқылы ақша тауып жатқан және қоғамдық пікірдің қалыптасуына ықпал ете алатын адамдар. Бұдан басқа олар өздерінің танымалдығын пайдаланып, тауарлар сатумен де айналысады. Олардың бәрі де салық төлеуі тиіс болатын", - деді халық қалаулысы.

Депутаттың сөзінше, онлайн платформалардың иелері заңнамадағы олқылықты пайдаланып, салық төлеуден жалтарып жүр.

"Бұл заң онлайн-платформалардың жұмысын реттеуге бағытталады. Яғни әлеуметтік платформада қолданушылардың саны белгілі бір межеден асқаннан кейін, платформа кем дегенде 3-4 мәселені қамтамасыз ету керек. Біріншіден, мемлекеттік органдармен мемлекеттік тілді дамыту бағытында қоян-қолтық жұмыс істеуі керек. Яғни кез келген әлеуметтік желінің контенті мәселен орыс тілінде жазса испан тіліне, испан тілінде жазса орыс тіліне қалай аударылса, біздің ойымызша қазақ тіліне де солай аударылу керек. Екіншіден, қазақ тілінде заңсыз контент болса, оны өздері модерация жасайтын жағдайға жету керек. Яғни олардың мекемелерінде кем дегенде қазақ тілін білетін мамандар болу керек. Үшіншіден, жалған ақпарат берушілер деген баптарды аздап болса да криминалсыздандырып жатырмыз. Тиісті кодекстерге өзгерістер енетін болады", - деді депутат.

Ол аталмыш құжаттың саладағы қаржылық, салықтық және ұйымдастыру мәселелерін шешуге бағытталғанын жеткізді. 

Заң жобасын осы сессияның аяғына дейін қабылдау жоспарланып отыр.

"Енді біз сондай жоспар қойып отырмыз. Алдағы уақытта қоғамдық ұйымдармен тыңдаулар өткіземіз. Одан кейін жұмыс тобы құрылуы керек", - деді мәжілісмен.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу