Оралда тұрғын үйдің газ құбырына жалаңаш күйде шыққан ер адам 20 тәулікке әкімшілік қамауға алынды, деп жазады inbusiness.kz сайты.
Батыс Қазақстан облыстық соты баспасөз қызметінің хабарлауынша, Қонаев көшесінің тұрғындары үй маңынан жалаңаш ер адамды байқап, полиция шақырған. Оқиға орнына келген полицейлер оны бірінші және екінші қабаттың арасындағы газ құбырынан тапқан.
Құқық қорғау қызметкерлері одан төмен түсуді талап еткен. Алайда ер адам олардың талабына бағынбай, балағаттаған.
Медициналық куәландыру қорытындысына сәйкес, ер адамның ағзасында каннабиноидтар мен опиоидтардың әсері анықталған.
Сотта ол кінәсін толық мойындағанымен, мұндай әрекетке не себеп болғанын түсіндіре алмады. Ер адам қоғамдық тәртіпті бұзғаны және есірткілік масаң күйде болғаны үшін кінәлі деп танылды.
Сот 20 тәулікке әкімшілік қамауға алумен қатар, ер адамның мінез-құлқына алты ай мерзімге ерекше талаптар белгіледі. Осы уақыт ішінде оған алкоголь, есірткі және психотроптық заттарды қолдануға тыйым салынды.
Сот қаулысы әзірге заңды күшіне енген жоқ.