banner

Орталық Азия елдері ішінде Өзбекстан журналистері жиі қамауға алынады - finprom.kz

633

Соңғы 10 жылда Өзбекстан билігі 33 журналисті мемлекетке қарсы қылмыстары үшін соттады.

Орталық Азия елдері ішінде Өзбекстан журналистері жиі қамауға алынады - finprom.kz Фото: QAZAQSTAN.tv

Журналистерді қорғау комитетінің (Committee to Protect Journalists, CPJ) мәліметтеріне сәйкес, бұл көрсеткіш Орталық Азия бойынша абсолютті рекорд болып отыр, деп жазады inbusiness.kz  finprom.kz порталына сілтеме жасап. 

Соңғы атышулы оқиға биылғы қаңтар айының аяғында болды. Өзбекстан соты журналист Дәулетмұрат Тәжімұратовты 16 жылға бас бостандығынан айырды. Прокуратураның мәліметінше, оның "шілде айында Қарақалпақстандағы жаппай тәртіпсіздіктерді ұйымдастыруға қатысы бар".

Қазақстан мен Қырғызстанда он жыл ішінде 8 журналист түрмеге жабылды. Ресурстың жазуынша, екі ел де журналистерге қатаң үкімдер түрінде тікелей қысым жасауды аз қолданады.

Қазақстандағы "Әділет Сөз" сөз бостандығын қорғау қоры 2022 жылы отандық журналистерге жасалған шабуылдың 32 жағдайын тіркеді. Бұл 2021 жылмен салыстырғанда төрт есе көп.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бұған дейін құқық қорғау органдарына журналистерге қарсы бағытталған бірқатар қылмыс бойынша мұқият тергеу жүргізуді тапсырған болатын. 

Қырғызстанда 2020 жылға дейін жыл сайын бір журналист сотталды. Бұл мемлекет ұзақ уақыт бойы Орталық Азиядағы авторитарлық тенденцияны жоққа шығарып, демократия аймағы болып саналды.

Бірақ та, Садыр Жапаровтың ел тізгінін қолына алуымен Қырғызстан еркін ел ретіндегі бұрынғы беделін жоғалта бастады. 2023 жылы CPJ және алты халықаралық ұйым журналистерге қысым жасалғаны үшін Президентке жүгінген.

Халықаралық қоғамдастық "Азаттық Медиа" сайттарының бұғатталуына, журналист Болот Теміровтың елден шығарылуына, Next TV директоры Таалайбек Дүйшенбиевтің үкіміне және Kaktus.media-ға қарсы қылмыстық іске алаңдаушылық білдірді.

Тәжікстан билігі соңғы 10 жылда 2020 жылы бір БАҚ өкілін, ал өткен жылы тағы алтауын соттады. 

Түркіменстанда он жыл ішінде 6 журналист сотталды.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу