Өтелмеген несиелік қарызы бар азаматтар бәс тіге алмауы мүмкін

726

Ойында бәс тігу жасы 21 жастан 25 жасқа дейін көтеру ұсынылып отыр. 

Өтелмеген несиелік қарызы бар азаматтар бәс тіге алмауы мүмкін Фото: aikyn.kz

Мәжіліс депутаты Елнұр Бейсенбаев ойын бизнесі, лотереялар және лотерея қызметі туралы заң жобасы мен оған ілеспе түзетулерде қандай шаралар көзделгенін айтты, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

"Біріншіден, заңда максималды түрде букмекерлік кеңселер мен казинолардың жарнамасын шектеу қарастырылған. Онда үйлердің қасбеттерінде, фасадтарында, ғимараттарда, құрылыстардың қоршауларында, көлік құралдарында сыртқы жарнамаға тыйым салынады. Интернет ресурстарында, ресми сайттарда, телеарналар мен радиода, мерзімді баспа басылымдарында, кино беттерінде жарнамаға толық тыйым салынады. Екіншіден, ойнау жасына келмеген азаматтардың құмар ойындарына және бәс тігуге қатысуы шектеледі. Оларға заңсыз ойын ойнауға мүмкіндік берген заңды тұлғаларға қомақты көлемде айыппұл салынады", - деді халық қалаулысы.

Бұдан басқа онлайн казино ұйымдастырушыларға Қылмыстық кодекстің 307-бабы бойынша жаза қолданылады.

"Төртіншіден, өтелмеген алименттік және несиелік қарызы бар азаматтардың құмар ойынға бәс тігу құқығы шектеледі. Яғни борышкерлердің бірыңғай реестрінде мәліметтері бар 25 жасқа дейінгі жеке тұлғаларды құмар ойындарға және бәс тігуге жіберуге тыйым салу белгіленеді. Бесіншіден, заңсыз лотоматиктерге мүлдем тыйым салынады. Алтыншыдан, ойында бәс тігу жасы 21 жастан 25 жасқа дейін көтеріледі. Жетіншіден, заңды тұлғалардың 25 жасқа дейінгі адамдарды құмар ойындарға және бәс тігуге жібергені үшін және орта кәсіпкерлік субъектілеріне – 300, ірі кәсіпкерлік субъектілеріне – 1000 АЕК мөлшерінде айыппұл түрінде құмар ойындарға және бәс тігуге қатысуы шектелген адамдарға әкімшілік жауаптылығы белгіленеді", - деп атап өтті спикер.

Егер бір жыл ішінде қайталанатын болса, бұл заң бұзушылық лицензияның қолданылуын тоқтата тұруға әкеп соғады, деп жалғастырды мәжілісмен.

Сонымен қатар балалар, білім беру, медициналық, діни және діни ұйымдар орналасқан тұрғын үйлер мен ғимараттарда лотерея билеттерін таратуға және лотерея терминалдарын орнатуға тыйым салынбақ.

"Сот актісі негізінде қызметі заңсыз деп танылған шетелдік ойын бизнесін ұйымдастырушылардың тізімін жүргізу, сондай-ақ банктер мен төлем жүйелеріне олардың пайдасына қаржылық операциялар жүргізуге тыйым салу ұсынылады. Букмекерлік кеңсенің немесе тотализатордың қызметін жүзеге асыратын ойын бизнесін ұйымдастырушылардың өз аппараттық-бағдарламалық кешендерінің Мемлекеттік кірістер органының ақпараттық жүйелерімен интеграциялануын қамтамасыз ету міндеті белгіленеді", - деп қорытындылады Елнұр Бейсенбаев.

Мәжіліс депутаты осы заң аталған өзгерістерімен қабылданса, құмар ойындарының таралуын шектеуге мүмкіндік беретінін жеткізді.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу