Парламент Елбасы туралы құжаттың күшін жоятын конституциялық заңды қабылдады

435

Нұрсұлтан Назарбаев - Елбасы емес. Бүгін парламенттің қос палатасы бірлескен отырыста бірінші президентті осы мәртебеден айыратын заңды қабылдады. 

Парламент Елбасы туралы құжаттың күшін жоятын конституциялық заңды қабылдады Фото: azattyq-ruhy.kz

Президент қол қойған соң Назарбаевтың отбасы мүшелерін қорғайтын конституциялық заң күшін толықтай жоюы тиіс. 

"Елбасы туралы" заңның күшін жойғанмен, өзге де заңдар аясында бірқатар артықшылық қарастырылған. Бүгін депутаттар осыны еске салды.

"Олардың нормаларының күшін жою қажет деп есептеймін. Әділет министрлігі осы бағытта қолданыстағы заңнамаға тексеріс жүргізді ме? Осындай қанша заң бар және оларды түзету қашанға жоспарланып отыр?", дейді ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Аманжол Әлтай.

"Шынында да "Тұңғыш президент туралы" заңдарда көзделген біраз өкілеттіктер мен мәртебесі туралы нормалар бар. Әртүрлі салалық заңдарда. Мысалы: әлеуметтік, білім беру сияқты әртүрлі салалық заңдарда бар. Оны біз анықтап қарадық. 20-дан астам заңдарда сондай нормалар бар. Бірақ олардың күшін жою жөніндегі жұмыстар  кешенді жұмыстар. Оларды анықтап, тиянақты заң шығару тәртібімен қарастыру керек", дейді ҚР Әділет министрі Азамат Есқараев.

Бұл 20 заңның әйтеуір түбінде қайта қаралатыны анық. ГРАФИКА: Ал конституцияның 46-ы бабына сәйкес артықшылықтары сақталады. Ол жерде "Қазақстан Республикасының президентіне, оның абыройы мен қадір-қасиетіне ешкімнің тиісуіне болмайды" деп жазылған. Және осы ережелердің бұрынғы президенттерге де қолданылатыны бекітілген. 

"Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасында қарастырылған құқықтық кепілдіктер басқа елдердің экс-президенттеріне де қатысты қабылданған кепілдіктерге сәйкес келе ме? Жалпы халықаралық тәжірибеде қалай?, деген депутат Серікбай Трұмовтың сауалына министр жауап берді.

"Әлемдік тәжірибеге сәйкес келеді. Америка Құрама штаттарында, Германия, Польша сияқты елдерде сондай, ұқсас кепілдіктер көрсетілген", деді ҚР Әділет министрі Азамат Есқараев.

Көкейдегі сұрақтарға жауап алынды, қос палата депутаттары 2 оқылымда бірден қарап дауыс берді. 

"Сенаттан қатысып отырғандар  44 депутат, жақтағандар  44 депутат. Мәжілістен қатысып отырғандар  93 депутат, жақтағандар  93 депутат. Қаулы қабылданды", деді ҚР Парламенті Мәжілісінің төрағасы Ерлан Қошанов. 

"Заң күшін жойғаннан кейін Тұңғыш президенттің өзінің, отбасының шоттарына, мүлкіне деген кепілдіктер күшін жояды", дейді ҚР Әділет министрі Азамат Есқараев. 

Бір айта кетерлігі, бұл заң күшін жойғанымен бірінші президенттің бірге тұратын отбасы мүшелерін бұрынғы істеген әрекеттері үшін жауапкершілікке тартуға мүмкіндік бермейді. Алайда, ең бастысы бұдан былай кез келген азамат олардың үстінен арыздана алады. 

"Арыздануға қақысы бар ең бастысы. Және ол заң бойынша іске қабылдануы керек. Мысалы осы күнге дейін сіз шағымданатын болсаңыз прокурор айтатын еді "заң бойынша ол кісіні тексеруге қақым жоқ" - деп. Қазір ол норма кетеді. Қалай болғанда да прокурор сіздің арызыңызды қабылдайды, ол бойынша оған тиісті номер береді және белгілі бір жұмыстарды жасайды. Қалғанына сот жауап береді", деді ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Айдос Сарым. 

Депутаттар мен үкімет өкілдері бүгінгі қадамды "референдумда дауыс берген халықтың қалауын орындауға және суперпрезиденттік басқарудан арылуға бағытталған" - деп отыр. 

Енді президент қол қойса "елбасы туралы" заң ресми түрде күшін жояды.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу