Облыстық әкімдікте өткен жұмыс кеңесінде төтенше жағдайлар департаментінің, "Қазгидромет" РМК облыстық филиалы басшыларының және селекторлық режимде аудан әкімдерінің баяндамалары тыңдалды.
– Су тасқыны – өңір үшін өте өзекті мәселе. Былтырғы жағдайдың қайталануына жол бермеу қажет. Дайындық жұмыстары үздіксіз жүргізілуде: жөндеу және инженерлік жұмыстар бір күнге де тоқтаған жоқ, тіпті қыста да жалғасты, – деді облыс әкімі.
Өңірде инженерлік жұмыс жоспары аясында 109 іс-шара атқарылды. Оның ішінде 8 қорғаныс бөгеті нығайтылды, 80 км бөгеттер мен үйінділер салынды.
Автожолдарға 108 су өткізу құбыры мен тюбингтер орнатылды. Ал бірінші көтергіш сорғы станциясын қайта жаңарту жұмыстары аяқталуға жақын.
– Петропавл су торабы маңында айналма канал құрылысы басталды. Бұл Есіл өзенінде су деңгейінің көтерілуіне жол бермейді. Облыс орталығының шағын аудандарын су басудан қорғау үшін артық суды алдын ала ағызу қарастырылға, – деді Ғауез Нұрмұхамбетов.
Ал былтыр тасқын су шайған Соколовка және Большая Малышка ауылдары маңында өзен арналарының түбін тереңдету және жағалауды тазарту жұмыстары жүргізіліп жатыр.
Петропавлда және 8 аудандағы Есіл өзені мен шағын өзендердің 49 учаскесінде мұз кептелісінің алдын алу және еріген судың кедергісіз ағуын қамтамасыз ету үшін жарылыс жұмыстары жүргізіледі.
– Қазір бүкіл облыс үшін жауапты кезең. Мемлекеттік органдар күшейтілген жұмыс режиміне көшті. Дайындық жұмыстары мұқият жүргізілуі тиіс, әсіресе инертті материалдарды, қаптарды және арнайы техниканы алдын ала әзірлеу маңызды. Сондай-ақ, жергілікті тұрғындардың пікірлері мен ұсыныстарын ескеру қажет, – деді өңір басшысы.
Алдағы уақытта аудандарда кеңестер өткізіліп, негізгі міндеттер мен басым жұмыстар нақтыланбақ.