Премьер-министр Олжас Бектенов Ауыл шаруашылығы министрлігіне бір апта ішінде ет өндірісі мен экспортының көлемін арттыру жөніндегі нақты ұсыныстар енгізуді тапсырды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Олжас Бектенов көлік-логистикалық тораптарды салу, теңіз порттарын, әуежайлар мен теміржол вокзалдарын жаңғырту бойынша міндеттер шешімін тауып жатқанын айтты.
"Жауапты мемлекеттік органдар мен ұйымдар айқындалды. Көлік министрлігі, әкімдіктер мен компаниялар бекітілген іс-шараларды уақтылы жүзеге асыруды қамтамасыз етсін. Мемлекет басшысы егін шаруашылығындағы оң нәтижелерді атап өтіп, мал шаруашылығы саласындағы жұмыстарды жандандыруды тапсырды. Осыған орай, Ауыл шаруашылығы министрлігі бір апта ішінде ет өндірісі мен экспортының көлемін арттыру жөніндегі нақты шаралармен бірге, мал шаруашылығын одан әрі дамыту бойынша ұсыныстар енгізсін", – деді Премьер-министр Үкімет отырысында.
Үкімет басшысының сөзінше, егіншілерді тікелей субсидиялау орнына жеңілдетілген несие беру тетігі өзінің тиімділігін көрсеткен.
"Министрлік "Бәйтерек" холдингімен бірлесіп, осыған ұқсас ауыл шаруашылығын қолдау құралдарының аясын кеңейтуді жалғастыруға тиіс", – деді ол.
Айта кету керек, бұған дейін Олжас Бектенов мемлекеттің шын мұқтаж адамдарға ғана тікелей қолдау көрсететінін айтқанын жазғанбыз.