Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан-Кипр экономикалық ынтымақтастығының жол картасын әзірлеуді ұсынды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
"Президент Никос Христодулидиспен мазмұнды келіссөз жүргіздік. Ықпалдастығымызды күшейтудің жаңа бағыттары туралы әңгімелестік. Өзара сауда-саттық көлемін арттыруға ерекше назар аудардық. Тауар айналымын ұлғайту, инвестициялық қарым-қатынасты дамыту және іскер топтардың байланысын одан әрі нығайту қажет екенін атап өттік. Бұл – маңызды міндет. Мен Қазақстан-Кипр экономикалық ынтымақтастығының жол картасын әзірлеуді ұсындым. Сондай-ақ Үкіметаралық комиссия және Іскерлік кеңес құру жөніндегі бастамалар көтерілді. Бұл қадам бірлескен жобаларды іске асырып, өзара алыс-берісті арттыруға және бизнес үшін жаңа мүмкіндіктерге жол ашады", – деді Президент.
Тараптар логистика, қаржы, туризм, цифрлық технологиялар саласындағы өзара байланыстарымыздың келешегі зор деп санаймыз.
"Үкіметтерімізге осы бағыттар бойынша нақты шаралар қабылдау жөнінде тапсырма беруге уағдаластық. Мен кипрлық серіктестерімізді Транскаспий дәлізі жобасына атсалысуға шақырдым. Өздеріңіз жақсы білесіздер, Кипр әлемдік деңгейдегі теңіз хабы саналады. Орта дәліз аясында Қазақстанның құрлықтағы және Кипрдің теңіздегі инфрақұрылымын тиімді ұштастыруға мүмкіндік зор. Бұл қадам Орталық Азия аймағы, Каспий аймағы және Жерорта теңізі арасында жаңа көпсалалы логистика жүйесін қалыптастыруға жол ашады. Сондай ақ өзара алыс-берісімізді ұлғайтуға мүмкіндік береді", – деп атап өтті Мемлекет басшысы.
Қасым-Жомарт Тоқаев елімізде Кипр капиталының қатысуымен 400-ден астам компания жұмыс істеп жатқанын айтты. Олардың отызға жуығы Астана халықаралық қаржы орталығында тіркелген.
Айта кету керек, бұған дейін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Кипр президентін I дәрежелі "Достық" орденімен марапаттады.