Астана қаласының қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық соты "QARMET" АҚ-ға 1,5 млрд теңгеден астам залал келтірген ұйымдасқан қылмыстық топтың 13 қатысушысын кінәлі деп таныды, деп жазады inbusiness.kz cайты ҚР Бас прокуратурасына сілтеме жасап.
Тергеу дерегінше, 2021 жылдың қаңтарынан 2023 жылдың желтоқсанына дейін сотталушы А.-ның басшылығымен топ мүшелері сапалы металл сынықтары орнына құрамында шлак, құм, қиыршық тас және басқа да қоспалар бар қалдықтарды жеткізіп отырған.
Қатысушылар алдын ала рөлдерді бөлісіп, вагондардың кедергісіз өтуін, жүктің тез түсірілуін және қоқыс көрсеткіштерін жасанды төмендетуді ұйымдастырған.
Осы әрекеттердің нәтижесінде кәсіпорынға 1 млрд 503 млн 954 мың теңге залал келтірілген. Мемлекеттік айыптаушылардың ұстанымына сәйкес сот қылмыстық жолмен алынған қаражатқа сатып алынған көлік құралдары мен жылжымайтын мүлікті, сондай-ақ банк шоттарындағы ақшаны мемлекет кірісіне айналдыру туралы шешім қабылдады.
Тәркіленген мүліктің жалпы құны шамамен 1 млрд теңгені құрады.
Сонымен қатар сот "QARMET" АҚ-ның талаптарын қанағаттандырып, сотталғандардан ортақ тәртіппен 803 млн 954 мың 694 теңге өндірді.
Үкім әзірге заңды күшіне енген жоқ.