Ресей экономикасы құлдырауда, қиын күндер алда - Bloomberg

1062

Cоғыс пен санкциялар аясында ел экономикасы үшінші тоқсанда 4% - ға төмендеді. 

Ресей экономикасы құлдырауда, қиын күндер алда - Bloomberg Фото: abnews/ru

Сарапшылар 2023 жылдың басында Ресейдегі дағдарыс ширыға түседі деп болжап отыр.

Кремльдің Украинаға басып кіруіне байланысты Батыс елдері салған санкциялар биылғы екінші тоқсанда Ресей экономикасын біршама әлсіретті деп жазады, inbusiness.kz Bloomberg агенттігіне сілтеме жасап.

Ресей Орталық банкі биылғы 3-тоқсанда ел экономикасы 4%-ға төмендейді деп болжаған еді, болжам дәл келді. Бұл соңғы жылдағы Ресей ЖІӨ-не қатысты ең нашар көрсеткіш.

Росстат дерегінше, елде көтерме және бөлшек сауда көлемі күрт төмендеп, салалар, соның ішінде өңдеу өнеркәсібі құлдыраған.

Мемлекеттік шығындардың артуы және Ресей экспортын достық ниеттегі елдерге қайта бағыттай алуының арқасында, қысқа мерзімге болса да ел санкциядан туындаған шығынның орнын толтыра алды. Сонымен қатар, мемлекеттік бағдарламаның арқасында өткен тоқсанда құрылыс саласы біршама қарқын алды.

Bloomberg жүргізген тағы бір сауалнамаға сәйкес, бұл тоқсанда елдің ЖІӨ күрт төмендеп, ал 2023 жылдың алғашқы үш айында 8%-ға дейін құлдырауы мүмкін.

"Елде ұсыныс анағұрлым әлсірегенін байқап отырмыз, сонымен қатар, Ресей  құрылымдық  түрде төмен технологиялы экономикаға ауысуға мәжбүр болып отыр, бұл созылмалы рецессия мен әлеуетті өсімнің баяулауына әкелмей қоймайды", - деп мәлімдеді Morgan Stanley экономистері.

Сауалнама нәтижесіне сәйкес, экономика 2023 жылдың үшінші тоқсанына дейін өсе қоймайды.

Bloomberg Economics болса, Ресей экономикасы 2022 жылы 3,5%, 2023 жылы 2%-ға дейін құлдырайды деп болжап отыр. Құлдырау әсерінен мемлекет құрылыс пен сұранысты ұстап тұру үшін қолданып келген бірқатар қолдау шараларынан да бас тартуы мүмкін.

Ресейлік экономист Александр Исаковтың сөзінше, алдағы алты ай бойы Ресей экономикасы төмендей береді. Оған екі себеп бар:

"Біріншісі шикізат секторы мен өңдеу өнеркәсібі санкцияның қатаңдауымен бірге қысқара береді. Екіншіден Ресей ішкі сұранысты ынталандыру мақсатында қолданып келген ипотекалық субсидия секілді негізгі инструменттерінің қоры тауысылып барады", - дейді Александр Исаков.

Ресей мұнайын тасымалдауға шектеу қою туралы Батыс елдерінің шешімі де Ресейдің экономикалық тұрақтылығын шайқалтуы мүмкін. Еуропаға газ тасымалдау көлемі күрт  қысқарды, ел азаматтарын мобилизациялаумен бірге тұтынушылық сұраныс та қысымға ұшырады. Сонымен қатар, елде қыркүйек айында мұнай мен газ өндіру көлемі төмендеп, бұл өнеркәсіп өндірісінің баяулауына алып келді.

Ресей Орталық Банкінің төрағасы Эльвира Набиуллина сейсенбі күні  Мемлекеттік Дума алдында жасаған баяндамасында ел экономикасы бұдан да ары құлдырауы мүмкін екенін ескертті. 

 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу