"Сапарбаев қайда барса, сонда"

515

Жамбыл облысының әкімі прокурор мен ҰҚК департамендінің басшысы қалай тағайындалғанын айтып берді. 

"Сапарбаев қайда барса, сонда"

Қордайдағы қанды қақтығыстан кейін Жамбыл облысының әкімі болып тағайындалған Бердібек Сапарбаевтың командасына Ақтөбе облысында бірге істеген бірнеше басшы қосылғаны болатын. Орталық комуникациялар қызметінде өткен брифингте әкім сол тағайындаулардың мәнін түсіндіруге тырысты.

"Мұндай сұрақ маған бірінші рет қойылып отырған жоқ. Барлықтарыңызға айтқым келеді. Қазақстанның Конституциясы бойынша кез келген Қазақстан азаматы елдің кез келген нүктесінде жұмыс істеуге құқылы. Ержан Жылқыбаевқа келсек, Президенттің тапсырмасы бойынша облыс әкімінің бұрынғы орынбасары қызметінен босатылған болатын. Ол негізінен әлеуметтік салаға жауапты болатын. Өзіңіз айтқандай, Ержан Жылқыбаев ол кезде Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің орынбасары болып жүрген. Босаған орынға осы саланың өкілі керек еді. Прокуратура мен Ұлттық қауіпсіздік департаменттерінің басшыларына келсек, оларды мен тағайындамаймын. Оларды Бас прокурор мен ҰҚК төрағасы тағайындайды. Бірақ сол кезде өңірде қалыптасқан жағдайды ескеріп, мұндай жағдайда тәжірибесі бар адамдарды әкелу керек болса керек. Есіңізде болса, Ақтөбе облысында террор болғанда сіз айтқан адамдар жұмыс істеген болатын. Осыны ескеріп Бас прокуратура мен ҰҚК басшылығы  ұлтаралық тұрақтылықты қамтамасыз ету үшін осы адамдарды жіберген болуы керек", - деген облыс басшысы жамбылдықтардан басшылыққа лайық тұлға жоқ деген пікірмен келіспейтінін мәлімдеді. Соның дәлелі ретінде осы өңірдің бірнеше тумасын маңызды орынға қойғанын да еске салды. 

"Жергілікті мамандардың тапшылығы бар деп айтпас едім. Дегенмен мәселе бар. Соңғы тағайындалған облыс әкімінің орынбасары Талғат Мамаев – Жамбыл облысының тумасы. Алмас Өскенбаев та Жамбыл облысынан шыққан. Аппарат жетекшісі де жергілікті азамат. Осы облыстың бірнеше ауданында әкім болған.  Бізге де бірінші кезекте жергілікті мамандар жұмыс істегені керек", - деді Бердібек Сапарбаев.

Есжан Ботақара

Фото: ztb.kz

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу