Сарапшы: Әрбір адамның заңдарды сақтауы – қоғамдық келісімнің іргетасы

115

Заңгер Ләззат Рақышеваның сөзінше, азаматтардың құқықтық сауатын арттыру білім ордаларынан басталуы тиіс. 

Сарапшы: Әрбір адамның заңдарды сақтауы – қоғамдық келісімнің іргетасы Фото: Courtesy of Lyazzat Rakisheva

Осы мақсатта цифрлық сервистерді де белсенді пайдалануға болады. Сарапшы теориядан тәжірибеге көшу керек деп есептейді, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

"Мысалы, келісімшарттармен жұмыс істеуді үйрету, азаматтардың өз құқықтарын қорғау тәсілдерін түсіндіру. Негізгі шараларды бірнеше бағытқа бөлуге болады. Біріншіден – білім беру бағдарламалары. Атап айтқанда, мектептер мен жоғары оқу орындарының бағдарламасына құқық негіздерін енгізу, бұл бағытта олимпиадалар мен интерактивті дәрістер өткізу. Екіншіден – құқықтық қызметтерді цифрландыру. Азаматтардың құқықтық мәселелерін өз бетінше шешуі үшін eGov, qamqor сияқты сервистерді кеңінен қолдануды насихаттау", – деді сала маманы.

Оның айтуынша, заңдар мен құқықтық нормаларды БАҚ беттерінде қарапайым әрі түсінікті форматта түсіндіруге де мән берген жөн. Осы мақсатта инфографика, бейнесабақтар және басқа да қолжетімді тәсілдерді қолдану ұсынылып отыр.

"Барлық мемлекеттік органдар мен лауазымды тұлғалар заң аясында әрекет етуі тиіс, ал сот жүйесі тәуелсіз әрі әділ болуы қажет. Екіншіден – азаматтардың құқықтық мәдениеті. Әрбір адамның заңдарды сақтауы – қоғамдық келісімнің іргетасы. Қауіпсіздік жүйесі заманауи технологияларға және құқық бұзушылықтардың алдын алуға негізделіп, қоғамда қауіпсіз орта қалыптастыруы керек. Бизнес пен мемлекеттік сектордың қызметі ашық әрі айқын болуы тиіс, көлеңкелі экономикаға жол берілмеуі қажет", – деп атап өтті заңгер.

Осы тұста Ләззат Рақышевадан елімізде құқық бұзушылықтарға "нөлдік төзімділікке" қалай қол жеткізуге болатынын сұрадық.

"Бұл азаматтардың белсенді қатысуына және кез келген құқық бұзушылық үшін жазаның бұлтартпастығына негізделуі тиіс. Ол үшін ең әуелі адамдар ұсақ құқық бұзушылықтарды да елемей қалдырмауы керек. Мәселен, қоғамдық орындарда қоқыс тастау, рұқсат етілмеген жерде темекі шегу, тыныштықты бұзу сияқты әрекеттер туралы тиісті органдарға хабарлау маңызды. Негізінен кез келген, тіпті болмашы құқық бұзушылықтың өзі заңда қарастырылған әділ жазаға немесе шектеуге әкелуі тиіс. Сонымен қатар мектептерде учаскелік инспекторларды бекіту, профилактикалық рейдтер жүргізу, бейнебақылау жүйелерін пайдалану арқылы тәртіпті күшейту қажет", – деді сарапшы.

Соңғы уақытта сталкинг, дипфейк жасау, дропперлікке қатысты қылмыстардың жиілегенін естиміз. Мұндай қылмыстық құқық бұзушылықтар үшін қылмыстық жаза қарастырылған. Соған қарамастан қаскөйлер өз әрекетін тыяр емес. Ләззат Рақышева сталкинг сияқты жағдайларда азаматтар өз құқықтарын қорғау үшін нақты әрекеттер жасауы қажеттігін баса айтты.

"Біріншіден – дәлелдерді тіркеу. Барлық әрекетті құжаттап отыру маңызды: хабарламалардың скриншоттарын жасау, телефон қоңырауларын жазып алу, электрондық хаттарды сақтау. Екіншіден, қудалау жалғасқан жағдайда, полицияға міндетті түрде арыз жазу керек. Құқық қорғау органдары мұндай арыздарды қабылдауға міндетті. Үшіншіден – қудалаушыдан қорғану. Қудалап жүрген адамды фото немесе видеоға түсіру, оның әрекеттерін тіркеу қажет. Сонымен қатар онымен байланысқа түспеу керек. Жазбаша түрде сізді мазаламауын талап етіп, одан кейін байланысқа жауап бермеу ұсынылады", – деді заңгер.

Бұдан бөлек әлеуметтік желілерде жеке қауіпсіздікті күшейту, құқықтық көмекке жүгінудің маңызы туралы да айтылды.

Ләззат Рақышева дропперліктен сақтану үшін қаржы, құқықтық сауатты күшейту керек деген пікірде. Көп жағдайда жастардың тез пайдаға кенелемін деп опық жеп жататыны белгілі. Алаяқтар дәл осы топты заңсыз әрекеттерге тартуға тырысады.

Сала маманы дропперліктің таралу себептері ретінде интернет пен әлеуметтік желілер арқылы алаяқтардың адамдарды оңай тартуын, кейбір азаматтардың мұндай әрекеттер үшін қылмыстық жауапкершіліктің бар екенін білмеуін атады. Көп жағдайда адамдар өз әрекеттерінің заңсыз екенін түсінбей немесе жеңіл оңай табу мақсатында банк карталарын басқа адамдарға береді. Бірақ мұндай әрекеттер ауыр қылмыстарға, соның ішінде алаяқтық схемаларға қатысуға әкелуі мүмкін, деді ол.

"Қызылорда қаласында бір қызды бес жыл бойы белгісіз бір ер адам аңдыған жағдай болды. Ол қыздың рұқсатынсыз үйіне дейін барған, фотосуреттерін желіден алып, әлеуметтік желілерге жариялаған. Мысалы, TikTok-парақшасына өз профилінде өзінің жүрген қызы  ретінде көрсеткен. Қыздың жеке өмірі бұзылып, психологиялық қысым көргендіктен, ол өз үйінен қашып, туыстарының үйіне көшуге мәжбүр болды. Бойжеткеннің талаптарына қарамастан, ер адам өз әрекетін тоқтатпаған. Бұл жағдай тек физикалық қауіп емес, психологиялық қауіп туғызған: қыздың өмірі мен балаларының қауіпсіздігіне тікелей әсер еткен. Мысалы, сталкинг бойынша мен қатысқан сот ісінде ер адам 25 тәулікке қамауға алынып, моральдық зиян ретінде 500 мың теңге төлеуге міндеттелген", – деп атап өтті сарапшы.

Айта кету керек, Ақпарат және мәдениет министрлігінің және "Азаматтық бастамаларды қолдау орталығының" қолдауымен жүзеге асырылып жатыр. Жоба азаматтардың құқықтарын қорғау, халықтың құқықтық сауаттылығын арттыру және әлеуметтік осал топтарға психологиялық әрі заңгерлік көмек көрсетуге бағытталған.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу