Сауда министрі: Баға бақылағаннан өседі

252

Биыл ескі жылмен қоса ескі бағалармен де қоштасатын түріміз бар.

Сауда министрі: Баға бақылағаннан өседі Фото: Inbusiness.kz

Бұлай деуімізге Сауда және интеграция министрлігінің әлеуметтік маңызы бар тауарлар тізімін қысқарту туралы ұсынысы себеп. Яғни, сүт, жұмыртқа, ет, картоп сынды азық-түлік өнімдерінің бағасын енді Үкімет қадағалап отырмайды. Ұсынысты әзірге мәжілісмендер қарап жатыр, бірақ шешім қабылданбай жатып, дүкен сөрелеріндегі бағалар шарықтай бастапты, деп хабарлайды Inbusiness.kz сайты.

Мандарин мен шампан. Сіздің жаңа жылдық дастарханыңыздың сәні болатын негізгі тауарлар. Дүкен сөрелерінде қазірден қымбаттай бастаған. Үстелімді жайнатып жіберемін десеңіз, азық-түлікті қазірден ала берген жөн. Себебі, Сауда министрінің өзі баға көтеріліп жатқанын жоққа шығармайды.

"Иә, бағада өзгеріс бар. Бұл мереке қарсаңында болатын қалыпты құбылыс. Бірақ бізде бар индекстен асып кетіп жатқан жоқ. Баға кенеттен қатты шарықтап кетпес үшін сауда желілерімен келісімге отырдық", - дейді ҚР Сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиев.

Бірақ келесі жылы ешбір келісім, меморандум бізді қымбатшылықтың құрсауынан құтқара алмайтын сияқты. Себебі, Мәжілістегі заң жобасы мақұлданса, сіз бен біз күнделікті тұтынатын нан, сүт, жұмыртқа, картоп, тіпті ет секілді 9 бірдей әлеуметтік маңызды тауар бағасын билік бақыламайды. Министр бағаны ұстап тұруға кедергі дәл осы бақылау екеніне сенімді.

"Бұл практикадан тек қана қымбатшылық, дефицит болады. Дефицит болғаннан кейін бағаны реттейміз ғой. Бағаны реттегеннен кейін нарықтық экономикада ешқайда сіз таба алмайсыз. Сол себепті осы тоғыз позициядан алып тастаймыз. Бұл заң жобасында әлі. Қазір заң жобасы мәжілісте талқыланып жатыр. Бұл біздің толық қамтамасыз ететін позициялар. Картоп, күріш, басқалар. Бірақ біз бағаның үстемін алып тастамаймыз. 15 пайыздық. Ол қалады. Оған біз қарайтын боламыз. Ол сұраныс пен ұсыныс ретінде реттейтін болады", - дейді ҚР Сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиев.

Ал экономист Меруерт Махмұтованың ойынша, қарапайым халықтың күнкөрісі осы тізімдегі 39 өнімге байланысты болғандықтан, бұл мәселеге байыппен қарау керек. Себебі, сауда желілерін өз еркіне жіберу инфляцияны қолдан жасағанмен тең. Ал оны айналып өту мүмкін болмаса, министрлік осы уақытқа дейін бағаны қалай шектеп келгенін, енді неге шектеуге қауқарсыз болып отырғанын ашық айтуы керек.

"Кім, қай сауда орталықтары қандай субсидия алып жатыр. Ол әлеуметтік тауарларын бағасын қалай шектеп отыр. Сондай ақпарат ашық айтылса, бәрімізге Қазақстан азаматы ретінде түсінікті болар еді. Неге мына бағаның бағасы 350, неге мына нанның бағасы 170 теңге деген. Әрине, көп сұрақ туады. Біздің үкімет қаншалықты өзінің қызметін әділ атқарып, ішкі нарықтың тағам қауіпсіздігін іске қосып отыр",- дейді Экономист, Public Policy Research Center директоры Меруерт Махмұтова.

Ал екінші жағынан көршілес Ресейде қазір жұмыртқадан бастап бірқатар тауар қымбаттап, тапшылық туындап жатыр. Демек, олар тиімді жолын іздеп, Қазақстанның арзан өніміне қол сұғады. Сондықтан ішкі нарықты сырт көзден сақтау керек екен. Ал оның жалғыз шешімі - отандық тауар өндірушілерге қолдау көрсету болып тұр.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу