Сенаттың жалпы отырысында "2010 жылғы 10 желтоқсандағы Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымы ұжымдық қауіпсіздік жүйесінің күштері мен құралдары құралымдарының мәртебесі туралы келісімге өзгерістер енгізу туралы хаттаманы ратификациялау туралы" заң және "2015 жылғы 15 қыркүйектегі Әскери және басқа да құралымдарды, олардың жылжымалы мүлкін, сондай-ақ әскери мақсаттағы өнімді тасымалдау саласындағы Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымына мүше мемлекеттердің ынтымақтастығы туралы келісімге өзгерістер енгізу туралы хаттаманы ратификациялау туралы" заң мақұлданды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Сенатор Геннадий Шиповских екі заңды таныстырды. Біріншісі – 2010 жылғы 10 желтоқсанда қол қойылған Ұжымдық қауіпсіздік жүйесінің күштері мен құралдары құралымдарының мәртебесі туралы келісімге өзгеріс енгізу туралы хаттаманы ратификациялау. Екіншісі – 2015 жылғы 15 қыркүйекте қол қойылған Әскери және басқа да құралымдарды тасымалдау саласындағы ынтымақтастық туралы келісімге өзгеріс енгізу туралы хаттаманы ратификациялау.
Хаттамаларға 2024 жылғы 28 қарашада қол қойылған. Өзгерістердің негізгі мақсаты – құралымдардың мүше мемлекеттер аумағында уақытша болуын қамтамасыз ету және тасымалдау шарттарын нақтылау.
"Біріншіден, келісімдердің түсіндірме аппараты кеңейтіліп, "транзит", "әуеайлақтық-техникалық қамтамасыз ету", "аэронавигациялық қызмет көрсету" және "аэронавигациялық деректер" секілді терминдермен толықтырылды. Екіншіден, әскери құралымдарды Қабылдаушы тараптың аумағына жіберудің шарттары егжей-тегжейлі айқындалды. Үшіншіден, шұғыл ден қою жағдайлары үшін әскери тасымалдауға өтінім беру мерзімі үш тәуліктен бір тәулікке дейін қысқартылды. Төртіншіден, Ұжымдық Қауіпсіздік Кеңесінің шешімімен жүзеге асырылатын тасымалдаулар кезінде қабылдаушы немесе транзиттік Тараптар бірқатар қызметті – әуе кемелерін қабылдау мен жөнелтуді, әуеайлақтық-техникалық қамтамасыз етуді, тұрақ орындарын беруді, күзетті және аэронавигациялық қызмет көрсетуді – өтеусіз негізде атқарады. Алайда, жанармай, жағармай материалдары, арнаулы сұйықтықтар және газбен құю мәселелері тиісті келісімдер мен жекелеген уағдаластықтар бойынша жүргізіледі", – деп атап өтті.
Хаттамаларды ратификациялау Қазақстан мүддесіне және Ұйым шеңберіндегі халықаралық міндеттемеге сәйкес келетіні белгілі болды.
Айта кету керек, бұған дейін Сенат экологияның жекелеген салаларын жетілдіру туралы заңды Мәжіліске қайтарғанын жазған болатынбыз.